USD 498.51
EUR 522.84
RUB 4.81
«Алыптың қуаты – халықта, халықтың қуаты – бірлікте!»
 
RSS лента

Тоқаев Рахмонды Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды

  • 20.мамыр.2021, 19:19,
  • 296

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон шағын форматтағы кездесуден кейін екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді. 

Кездесу барысында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, оның ішінде, өзара тауар айналымын ұлғайту, инвестиция тарту, өнеркәсіп кооперациясын арттыру, ауыл шаруашылығы, көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселелеріне баса мән берілді. Сондай-ақ су-энергетика, әскери-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастық жағдайы талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонға қонақжайлылық танытқаны үшін алғыс айтып, бұл өзінің Қазақстан Президенті ретінде Тәжікстанға жасаған тұңғыш әрі пандемия жағдайындағы алғашқы ресми сапары екенін айтты.

Бұл жағдай көп дүниеден хабар береді деп ойлаймын. Шын мәнінде, Тәжікстан біздің сенімді стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз. Біз де Тәжікстанмен арадағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Сізді, құрметті Эмомали Шәріпұлы, Қазақстанда тәжік халқының барша жұрт мойындаған көшбасшысы деп таниды және құрметтейді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сіздің алдағы жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деді Қазақстан Президенті.


Мемлекет басшысы екі ел арасында 80-нен астам шарт пен келісімдерден тұратын маңызды шарттық-құқықтық база бар екенін, оның ішінде, 2015 жылы қол қойылған Стратегиялық әріптестік туралы шартты ерекше атап өтті.

Президент коронавирусқа қатысты туындаған барлық қиындықты еңсеру кезінде Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қатынастарды, атап айтқанда, өзара сауда-саттықты жаңа деңгейге көтеруге мол мүмкіндік бар екенін айтты. Осы ретте Мемлекет басшысы тәжік экономикасына жан-жақты көмек көрсетуге дайындығын нақтылады.

Эмомали Рахмон өз елінің бауырлас Қазақстанмен стратегиялық серіктестікке құрылған қатынастарды жоғары бағалайтынын жеткізді.


Қазақстан – Тәжікстанның сыртқы сауда айналымының жалпы көлемі бойынша екінші орында. Біз барлық бағыт бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жұмыла жұмыс істеуге ниеттіміз, – деді Тәжікстан көшбасшысы.


Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәжік-қазақ байланыстарының өзара тиімді дамуына қосқан зор үлесін жоғары бағалады.

Тәжікстан Президенті саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық, сондай-ақ, қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы екіжақты ықпалдастықтың дәйекті дамуына көңілі толатынын айтты.

Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары Нұр-Сұлтан мен Душанбе арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі тереңдей түсуіне жан-жақты септігін тигізетініне сенім білдірді.

Келіссөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонды өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Сонымен қатар Мемлекет басшыларының қатысуымен ресми делегация мүшелері төмендегі құжаттарға қол қойды:

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ТР Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі арасындағы туберкулезбен күрес жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім;

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ТР Мәдениет министрлігі арасындағы мәдени ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен ТР Өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрлігі арасындағы өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық туралы шекті меморандум;

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитеті мен ТР Үкіметі жанындағы Байланыс қызметінің арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрлігі арасындағы тауар өткізу жүйесін құру жөніндегі бірлескен жобаны жүзеге асыру мәселелері жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум.


#Тоқаев #Рахмон #Президент #Қазақстан #Тәжікстан 

скачать dle 12.0
Фото авторы : Ақорда
Тағы да оқыңыздар:
20.05.2021
13.05.2021
03.12.2020
19.11.2019
25.09.2019
ПІКІР
02 қантар11:40,
Әлем / Видео
Мысырда бұршақ пен қар жауды   Видео
«    Қараша 2024    »
ДсСССрБсЖмСнЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930