NASA-ның Жерді қашықтықтан зондтау спутниктерінен алынған суреттер 26 шілдеден бері жалын құшағында қалған орман аумағы ұлғайып бара жатқанын көрсетіп отыр. Өрттің түтіні батысқа қарай тарап жатыр. Соған байланысты, СҚО, ШҚО, Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстарын, Нұр-Сұлтан қаласын басып қалған түтін енді Қарағанды облысына тарап, тіпті Алматы облысының солтүстік аудандарына да жеткен.
«Қазгидрометтің» экологиялық мониторинг стансаларынан алынған деректерге қарағанда, Қазақстанның Ресеймен шекаралас аумақтарында ауаның ластану деңгейі шектік мөлшерден асып кеткен.
«Біз өртті бастапқы кезеңде өшіруге бар күш-жігерімізді салып келеміз. Өкінішке қарай, Ресейде табиғи өрттер проблемасы бар. Өйткені бұл елдің аумағы өте үлкен. Сонымен қатар, біздегі сияқты РФ-те елді мекендер арақашықтығы тым алшақ. Ресейліктер өрт ошақтары анықталған жағдайда бізге хабар береді. Бұл шаралар өртке уақытылы әрекет ету үшін жасалады», - деді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер.
Оның пайымынша, ел аумағы үлкен болғандықтан тілсіз жаумен күрес ресейлік құтқарушылар үшін қиынға соғып тұр.
«Бұл өрт бізге қатер тудырмайды. Төтенше жағдайлардың үйлестірушісі ретінде барлық өртке қатысты мәселені бақылауда ұстауға және дер кезінде көмек көрсетуге тырысамыз», - деп сендірді Беккер.