"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", - делінген Ақорда хабарламасында.
Экологиялық кодекстің жаңа нұсқасы өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаны ластағаны үшін жауапкершілігін күшейтеді және ағаштарды заңсыз кескендер үшін жазаны қатаңдатады.
Сондай-ақ жаңа заң қоршаған ортаға эмиссияны төмендету мақсатында өнеркәсіптік кәсіпорындардан озық технологияларды енгізуді талап етеді.
"Халықаралық озық тәжірибені ескере отырып, "ластаушы төлейді" және "ластаушы түзетеді" қағидаттары енгізілді. Яғни, кәсіпорын экологияға келтірілген зиянын міндетті түрде өтейді. Қазір олар айыппұл төлеген соң, ластауды жалғастырып жүр", - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Парламентте кодексті қабылдау кезінде.
Кодекске сәйкес, ағаштарды кескені үшін әкімшілік айыппұл мөлшері 5 есеге көбейеді. Құқықбұзушылық қайталанса немесе ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ағаш кесілген жағдайда ірі кәсіпорындарға 1500 АЕК-ге дейін айыппұл салынады.