Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Әліппе» оқулығын жаңартуға қатысты қанша қаражат бөлінгендігі және қай басылымда басылып шығатындығы сұралды. «Біріншіден, оқулық шығаруға мемлекет тарапынан қаражат жұмсалмайды. Өйткені қазіргі кезде жалпы оқулық жасау бағыты бәсекелестік ортаға берілген. Қазіргі келіп түсіп жатқан оқулықтардың барлығы шамамен 15 баспадан жіберіледі. «Әліппеге» байланысты жасалып жатқан жобалар бар. Сондықтан бұл тұрғыда Үкімет қаражаты жұмсалмайды», - деді Ш. Каринова. Сонымен қатар ол оқулық сатып алу мәселесіне тоқталды. «Бұл бөлек жағдай, оқулық дайындалып болғаннан кейін, шығарылғаннан соң, оқулықты таңдау кезінде әрбір жергілікті атқарушы органның көлемінде белгіленетін жоспарлы түрде қаражат бар. Ол бес жылда бір оқулықтардың жаңартылуына қарастырылады және өзгерген бағдарламаға байланысты болады. Осы орайда тиісті қаражат бекітіліп, жергілікті органдарда ескеріледі. Бұл үнемі жүргізілетін жұмыс, сондай-ақ «Әліппе» оқулығына байланысты жаңартылады. Алдағы оқу жылында «Әліппені» сатып алу жұмысын жоспарға сай жергілікті әкімдіктер, білім басқармалары жүргізеді», - деді вице-министр. Бұдан бұрын хабарланғандай, «Әліппені» енгізу 2021-2022 жылға жоспарланған. Биыл тамыз айында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзгерістің аясында мектеп бағдарламасына сәйкес, 1-сыныптарға 1-2 тоқсан «Әліппе», 3-4 тоқсан «Ана тілі» енгізілетінін айтқан еді.
#әліппе #мектеп #оқулық #бғм