Sputnik Қазақстанның мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласының мамандырылған экономикалық соты денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың үстінен түскен шағымды қарап шықты.
Бұған дейін "Ақтобе БелАсу" медициналық орталықтың өкілі министрлікке арыз түсіріп, "Nephrolife Aktobe" ЖШС-ін лицензиядан айыруды талап еткен болатын. Алайда тиісті шара қолданылмады. Осыдан кейін арыз беруші денсаулық сақтау министрін әрекетсіздік танытқаны үшін айыптап, сотқа шағым түсірген. Сот заңды тұлғаның арызын қарап, министр Цойдың тарапынан әрекетсіздік болмады деген шешімге келді.
"Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың "Nephrolife Aktobe" ЖШС медициналық қызметін тоқтату бойынша әрекетсіздік танытуына қатысты "Ақтобе БелАсу" ЖШС-ның шағымы қанағаттандырылмады. ЖШС лицензиясын тоқтату министрдің құзіретіне кірмейді. Сол себепті министрдің әрекетсіздік танытқаны расталмады", - делінген сот шешімінде.
Бұдан бөлек, сотта министр тарапынан "Заңды және жеке тұлғалардың арыздардын қарау тәртібі туралы" заңның 15-бабын бұзу әрекеті де анықталған жоқ. Себебі Цойдың атына жіберілген арыз "Міндеттерді үлестіру туралы" №431 бұйрық бойынша осы салаға жауапты вице-министр Людмила Бюрабекованың қарауына берілді. Ал 2020 жылы 28 маусымда шағым берушіге жауап жіберілген болатын. Онда заңды тұлғаның лицензиясын тоқтату министрдің құзіретіне жатпайтыны туралы айтылды. Оған Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы жауапты.
"Сотта министр арыз берушінің шағымын қарау бойынша өзіне жүктелген міндеттерді орындағанын растады. Соның негізінде арыздың талаптары қанағаттандырылмады", - делінген ресми хабарламада.
Соттың шешімі заңды күшіне енген жоқ.
#сот #цой #министр #саясат #шешім #үкім