Сенаторлар отырысында екі заң жобасын қарастырды. Біреуі парламент комитеттерi мен комиссиялары туралы болса, екіншісі парламенттік оппозиция мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізуге арналды. Депутаттар екі заңды да бірауыздан қабылдады.
"Елімізде демократиялық үрдістерді ары қарай дамыту мақсатында қолданыстағы заңнамаға "парламенттік көпшілік" және "парламенттік оппозиция" енгізіліп отыр. Заңмен мәжіліске сайланатын парламенттік оппозицияның өкілеттіліктері және олардың жұмысын қамтамасыз ету тетіктері нақты айқындалды. Мемлекет басшысының ұсынысымен қабылданған жаңа заңнамалық нормалар елімізде парламенттік оппозицияға кепілдік береді және Қазақстандағы кәсіби парламентаризмнің жаңа кезеңіне жол ашады деп сенеміз", - деді сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Заң жобасында парламенттік оппозицияға мынадай құқықтар беріліп отыр:
- бір сессия ішінде кемінде бір рет мемлекет пен қоғамның тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелер бойынша парламенттік тыңдау өткізуге бастамашылық жасау;
- парламенттік сессияда кемінде екі рет үкімет сағаттарының күн тәртібін белгілеу;
- оппозиция мақұлдамайтын үкіметтік заң жобаларына альтернативті заң жобаларын енгізу.