Пандемияға дейінгі жыл қорытындысы бойынша АҚШ-тан Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 36 миллиардтан асып жығылады. Екі ел арасындағы 30 жылға жуықтаған дипломатиялық, экономикалық және инвестициялық қарым-қатынас қарқын алып келеді. Америкалық дипломаттар қазақ елін қастерлі мерекесімен құттықтап, қос елдің серіктестігі, алдағы уақытта да нығая түсетініне сенім білдірді.
"1991 жылдың желтоқсан айында АҚШ-тың сол кездегі Президенті Буш Қазақстанның тәуелсіздігін, тұтастығын мойындайтынын мәлімдеді. Сол кезден Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас басталды. Өзім де Қазақстанда америка елшісі ретінде жұмыс істеп, сол тығыз қарым-қатынасты одан әрі дамытуға үлес қосқанымды мақтан тұтамын. Мен бірнеше жыл Қазақстанда тұрдым. Бұл елді отбасыммен жақсы көріп кеттік. Тіпті жұрт айтып қорқытатын суық ауа райы да кедергі болмады. Қайта мен суықты ұнатамын және сол кезде Қазақстандағы ауа температурасы -29 градус дегенде тіпті қуанып та кеттім", - деді АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Уильям Мозер
"Осы Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығы да аталып өтуде. Екі ел 30 жыл бойы бірге жұмыс істеп, бір-біріне қолдау көрсетіп келді. Мысалы, жақында ғана Қазақстанның Ауған жеріндегі жағдайды тұрақтандыруға қосқан үлесі мен гуманитарлық көмегін ерекше атап өткім келеді. Бұл екі елдің бір бағытта, ортақ мақсатта жұмыс істеп жатқандығын көрсетеді. Осы орайда бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын", - деп құттықтады АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы Лиза Кёртис