Депутат Павел Казанцевтің айтуынша, тоғыз айда қызметтерді алу бойынша жалпы күту уақыты 482 сағатты құрады.
"Ішкі істер министрлігі азаматтарды құжаттандыру бойынша – 75 сағат күту, Денсаулық сақтау министрлігінде 29 техникалық ақау – 48 сағат күту, Әділет министрлігінде – 11 сағат болды. Бұл уақытта біздің азаматтар ХҚКО-да кезекте тұрды. Құрметті салалық министрліктердің өкілдері, қомақты қаржы бөлінуде. Бөлінген қаржы жүйенің үздіксіз жұмыс істеуі үшін жеткіліксіз бе?" - деп сұрады ол Мәжілістегі Үкімет сағатында.
ҚР Цифрлық даму министрлігінің басшысы Бағдат Мусин олқылықтарды мемлекеттік қызметтердің жаңартылуымен түсіндірді.
"Кейде жұмыс күндері, түнде жаңартуларды жүктейміз. Сондықтан, таңертең жүйе жұмыс істемеуі мүмкін және барлық ХҚКО-да кезек жиналып қалады. Бұл әрқайсысы әртүрлі технологиямен жұмыс істейтін 400 ақпараттық жүйеге қызмет көрсететінімізге байланысты. Электрондық үкімет порталы арқылы интеграциялық механизмдерде кейде қандай да бір процесс өзгеруі мүмкін, қандай да бір сервис, интеграция жұмыс істемей қалады, сонда біз ескі қалыпқа қайта ораламыз", - деп түсіндірді ведомство басшысы.
Қандай да бір мемлекеттік орган шұғыл өзгерістер енгізуді сұрайды, соның нәтижесінде жүйеде техникалық ақау орын алады. Сондықтан, ведомство басшысының айтуынша, жұмысты қайта құрып, 400 ақпараттық жүйені біртіндеп бірыңғай технологияларға көшіру қажет.
"Әрбір ведомствоның балансында ақпараттық жүйелер бар, олар жалпы ведомстволық бизнес-процестерді автоматтандыруға бағытталған. Жүйе ведомстволық процестерді автоматтандырғаннан кейін ол интеграцияланады. Бірақ мемлекеттік қызметтер бар, оларды алу үшін әлі де бірнеше кабинеттерде немесе ХҚКО-да жүру қажет", - деп түйіндеді Мусин.