Оның мәлімдеуінше, ЕАЭО алаңында үшінші елдердің санкцияларына жауап ретінде қандай да бір ұжымдық шараларды қолдану мәселесі пысықталған жоқ және талқыланған жоқ. Оған қоса, мұндай мәселелер Еуразиялық одақтың құзыретіне мүлдем кірмейді және күн тәртібінде де жоқ.
Қазақстан Республикасы ЕАЭО құрылған сәттен бастап осы бірлестік тек экономикалық сипатқа ие деген ұстанымды ұстанады. Біз одақ шеңберіндегі өзара қарым-қатынастарымызды саясаттандыруға және үшінші елдермен қарым-қатынастарымызға әсер етуі мүмкін шаралар қабылдауға түбегейлі түрде қарсымыз.
ЕАЭО-ның жекелеген елдеріне қарсы қолданылатын санкциялар белгілі бір дәрежеде барлық мүше мемлекеттер экономикаларының жай-күйіне әсер ететіні түсінікті. Біздің мемлекеттеріміздің тығыз экономикалық байланыстарын ескере отырып, қазір ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикасы үшін ЕАЭО-ның жекелеген елдеріне санкциялық ықпал етуден экономикалық салдарларды барынша азайтуға бағытталған ықтимал бірлескен шараларды әзірлеу мәселесі талқылануда.
ЕАЭО шеңберінде санкцияларға ұжымдық жауап шаралары, экономикалық қысым шаралары немесе шет мемлекеттермен өзара қарым-қатынастарға өзге де ықпал ету түрлері күн тәртібінде жоқ. Бұл Қазақстан Республикасының түбегейлі және өзгермейтін ұстанымы, делінеді.
Бұдан бірер күн бұрын Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин Батыстың санкцияларына Еуразия экономикалық одағының бірлескен жауабы пысықталып жатқанын айтқан.
"Үшінші елдердің ЕАЭО (елдеріне) қатысты достыққа бастамайтын санкциялық әрекеттеріне қарсы жауап шаралары күн тәртібіне қойылды, бұл мәселе қаралып жатыр және қарала бермек" деген Панкин.
АҚШ пен Еуропа одағы Украинаның Қырым түбегін аннексиялағаны және елдің шығысындағы сепаратистерді қолдағаны үшін, кейін оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды қамағаны үшін Ресейге бірнеше санкция салған.
Батыс елдері бейбіт наразылықты күшпен басып, адам құқықтарын таптағаны үшін Беларусь үкіметіндегі лауазымды тұлғаларға да санкция енгізді. Мамырда оппозициялық журналист мінген ұшақты күшпен бұрып әкеткені үшін Батыс елдері Беларусьті өткір сынап, АҚШ Беларусьтің мемлекеттік мекемелеріне санкция салды. Еуропа одағы да осы мәселені қарастырып жатыр.
2014 жылы құрылған Еуразия экономикалық одағына Ресей, Беларусь, Армения, Қазақстан және Қырғызстан кіреді. Қазақстандағы сарапшылар бұл одақ құрамында болудың экономикалық тұрғыда тиімсіз екенін жиі айтады.