Бүгінде өңірде жеміс-көкөніс өнімдерін көтере сатумен айналысатын ірі кәсіпорындар жоқ. Тасымалдаушылардың негізгі бөлігі өнімдерді аз-аздап жеткізумен немесе маусым кезінде ғана әкеліп сатумен айналысады. Баға, негізінен, базарлар мен шағын сауда нүктелеріндегі азық-түлік тауарлары бойынша өсуде. 13 қаңтардағы баға мониторингі кейбір азық-түлік жыл басына қарағанда қымбаттай түскенін көрсетті. Мысалы, жармалар – 10-12 %, макарондар – 18,6%, ет және еттен жасалған тағамдар – 10 %, жеміс-көкөніс өнімдері, яғни картоп, пияз және қырыққабат 74%-ға қымбаттаған. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне әр түрлі жағдайлар себеп болып отыр. Мысалы, ұнның қымбаттауы азық-түліктік астықтың босату бағасының өсуінен болса, жармалардың қымбаттауы астық өнімінің төмен болуынан туындап отыр және Ресейдегі бағаның көтерілуінен деуге болады. Бұл фактор ресейлік ілкімділердің жарма өнімдерін жаппай сатып алып, елден әкетуіне соқтыруда. Күнбағыс майы жаңа шикізат түскенше уақытша қымбаттап отыр деп айтуға болады, ал сары май, сүт, айран, ірімшіктің қымбаттауына осы өнімдерді жеткізушілердің бағаны көтеруі себеп болуда. Олар өздерінің бұл қадамдарын сиырлардың суалуы, жайылымдықтың құнарсыздығы сияқты себептермен түсіндіргісі келеді. Қанттың қымбаттауы осы өнімді өндіруші «Азия Сахар», «Қант» және «Алматы сахар» акционерлік қоғамдарының босату бағасына тәуелді болып отыр. Бағаның қымбаттауында «делдалдардың» да үлесі бар. Жамбыл облысы.
#қымбатшылық #азық-түлік #баға #экономика #сараптама