"МҰНДАЙДЫ БҰРЫН-СОҢДЫ КӨРМЕП ЕДІМ"
Қуаныш Есназаров, хирург, 44 жаста
– Алматыдағы №7 қалалық аураханада жұмыс істеймін. Наурыз айынан бастап қабылдау бөлімінде болдым. Коронавирусқа шалдыққан науқастармен тікелей қарым-қатынасқа түскен жоқпын, дегенмен қабылдау бөліміне түрлі науқас келеді, олардың вирус жұқтырған-жұқтырмағанын білмейсің. Шілденің басында ауырып қалдым. Дертті жұмыстан жұқтырдым, себебі қонаққа барған жоқпыз, жақындарымды көрмегелі бірнеше ай болды. Тек телефон арқылы хабарласып тұрамыз.
Алдымен әлсіреп, тоңып, дірілдей бастадым. Бірнеше күннен кейін иіс пен дәм сезбей қалғанымда Covid жұқтырғанымды түсіндім.
Алдымен әлсіреп, тоңып, дірілдей бастадым. Бірнеше күннен кейін иіс пен дәм сезбей қалғанымда Covid жұқтырғанымды түсіндім. Емханаға барып, үш сағат күтіп кіргенімде "сізде ешнәрсе жоқ, бәрі дұрыс" деді. Менің "ең болмаcа рентгенге түсіріңіздер, температурам 38-ге жетті, иіс пен дәм сезбеймін" дегеніме қарамастан, "сіздікі бронхит, үйіңізге қайтыңыз" деп шығарып салды, тіпті жұмысқа жарамсыздық туралы қағаз да бермеді. Үйде бірнеше күн емделіп, жөтел үдеп, қан аралас қақырық шыққан соң компьютерлік томографияға өзім бардым. Екіжақты пневмония екен, өкпем 40 пайызға зақымданған. Бірден ауруханаға жатқызды. Аураханада жасалған ПТР тест оң нәтиже көрсетті. Өзім қант диабетімен ауырамын, инсулинге тәуелдімін, сондықтан жағдайым ауыр болды. Екі аптаға жуық аураханада жаттым. Демікпе пайда болып, сатурация (қан құрамындағы оттегі көлемі – Ред.) қатты төмендеді. Бір апта бойы күніне үш-төрт рет екі сағаттан оттегі аппаратымен демалуға тура келді.
"28 жастағы жарымды жоғалттым". Туысынан айырылғандар мен ауырған жандардың әңгімесі.
Адамдар әлі де бұл вирусқа күдікпен қарайды, оны біреулердің астыртын әрекеті деп санайды. Маска тақпайды, топтасып жиналады, басына түспейінше мән бермейді. Медицина мекемесінде 20 жыл қызмет етіп келемін. Осы аралықта бір мезетте осынша көп науқасты, оның ішінде жағдайы ауыр науқасты, көрген емеспін. Күн сайын көп адам көз жұмып жатты.
Отбасымызбен карантин басталған наурыздан бері ешқайда шықпауға тырыстық. Азық-түлік алуға, жұмысқа өзім ғана шығып жүрдім. Бірақ мен ауырғанда олар да ауырды, бірақ жеңіл формада өтті.
"МҰНДАЙДЫ ЕШКІМНІҢ БАСЫНА БЕРМЕСІН"
Роза (есімін өзгертуді сұрады), Ақтөбе тұрғыны, 56 жаста
– 15 маусымда Ақтөбе облыстық инфекциялық ауруханаға өте ауыр жағдайда жедел жәрдеммен түстім. Бірден жан сақтау бөліміне жіберіп, жеті күн өкпені жасанды желдету аппаратына жатқызды. Кейін палатаға ауыстырды, күн сайын оттегі аппаратымен тыныс алып жүрдім.
Абысыным қайтыс болып, соның жерлеуіне барғанмын. Арада бірнеше күн өткенде құрғақ жөтел мен демікпе пайда болды.
Абысыным қайтыс болып, соның жерлеуіне барғанмын. Арада бірнеше күн өткенде құрғақ жөтел мен демікпе пайда болды. Таныс дәрігерге хабарласып едім, "дереу рентгенге түс" деді. Өзім медицина орталығында жұмыс істегендіктен, үш ай сайын рентгеннен өтіп тұрамыз. Сондықтан өкпем таза екеніне кәміл сендім. Бірақ рентген екіжақты пневмония көрсетті.
Ақтөбе облыстық инфекциялық аурухана ұжымына мені ажалдан арашалағаны үшін мың алғыс. Не тамақ іше алмай, не дәретке бара алмай, жеті күн жаттым, жан сақтау бөлімінің санитарлары асты-үстіме түсіп, түтікпен тамақ беріп отырды, дәрігерлер де күні-түні жанымыздан кетпеуге тырысты. Көз жұмып жатқандар да болды.
Түсінгенім, бұл дертті жұқтырып алмаудың барлық амалын жасаған жөн. Бірақ ауырдың ба, ең алдымен психологиялық тұрғыда берілмеу керек. Өзіме "бәрі жақсы болады, үйде отбасым күтіп отыр" деумен болдым. Меніңше ойың сергек болса, жақсы тілек тілесең, ауруды жеңіп шығасың.
Осы жағдайдан соң өмірдегі құндылықтарды қайта қарап, отбасы мен денсаулықтың маңызын түсіндім. Ұлым мен күйеуіме асықтым. Қазір маскасыз ешқайда шықпаймыз, адам көп жерге бармаймыз. Күнделікті жаттығу жасап, адам жоқ кезде, таңғы 5-терде далада жүгіріп жүрмін.
"ЖАНАЗАҒА КЕЛМЕҢДЕР ДЕГЕН ИМАМДЫ ДА ТЫҢДАҒАН ЖОҚ"
Марат Қойбағаров, Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты Тартоғай ауылының тұрғыны, 49 жаста
– Шиелі ауданындағы провизорлық орталықта екіжақты пневомниядан емделіп шыққан бетім осы. Бала-шағамның ортасына енді жеттім. Бүгін (22 шілдеде) ретгеннен өттім, "таза" деп көрсетті.
83-тегі анамды жерледім. Жетісіне дейін де көңіл айтушы көп болды. Арасында "ұят болады, ауырсам да келдім, үлкен кісі ғой" дегендер болды.
Шілденің 2-сінде бірнеше жыл төсек тартып жатқан 83-тегі анамды жерледім. Жерлеуге адам көп келді, имамның "жаназаға бармаңдар" дегеніне де құлақ асқан жоқ. Жетісіне дейін де көңіл айтушы көп болды. Арасында "ұят болады, ауырсам да келдім, үлкен кісі ғой" дегендер болды. Арада үш күн өткенде көкірегім ауыра бастады, температурам көтеріліп, ауа жетпей ауруханаға әрең бардым.
Ауылдық жерде жағдай қиын. Анам секілді көз жұмып жатқандар аз емес. Бала-шағам, туыстарым денесі қызып, жөтеліп жатыр. Бірақ олар дәрігер келініміздің кеңесімен үйде ем-дом алып жатыр.
Бұл әрқайсымыздың басымызға түспей сабақ алмайтын сияқтымыз. Осы күндері ауылымызда кішігірім той мен өлімге ел көп жиналып жатыр. Меніңше қатаң бақылау қажет, тіпті жаназа оқылған үйді полиция күзетсін. Басқа қалай түсіндіресің?
"ЕҢ БАСТЫСЫ КҮЙЗЕЛІСКЕ ТҮСПЕУ КЕРЕК"
Әйгерім Асқарбаева, Алматы тұрғыны
– Вирус енді өршіп келе жатқан мамырдың аяғында пневмония болып ауырдым. Ол кезде белгілі бір дәрі де, жүйе де болмаған сияқты. Сондықтан дәрігерлердің айтуымен жанама әсері көп, ауыр дәрілер ішуге тура келді. Жазылып шыққаннан он күн өткенде үш күндей тағы ауырдым.
Емделіп шыққаннан соң ұққаным, әр адам бұл дертке психологиялық түрде дайын болу керек. Қазір оған кез келген кісі шалдығуы мүмкін. Қашан, қай уақытта қай тұстан келетінін сезбей де қаласың. Мұндайда көп кешікпей емді бастаған дұрыс. Ең бастысы күйзеліске түспеу керек. Кез келген ауру сияқты бұл вирус та берілген адамның мойнына мініп алады.
Дәрігерлер маған әлі 5-6 ай күтім қажет екенін ескертті. Суық су ішуге, салқында далаға шығуға болмайды, иммунитетті көтеретін дәрумен ішіп, жақсы тамақтану керек. Оның үстіне қазір күніне 4 рет 10 минуттан жаттығу жасаймын және күніне 4 рет ауызым мен мұрнымды тазалап отырамын.
#коронавирус #жазылғандар #эпидемия #пандемия