USD 497.26
EUR 525.21
RUB 4.97
«Алыптың қуаты – халықта, халықтың қуаты – бірлікте!»
 
RSS лента

Судьяларды сапалы іріктеу қажет

  • 15.желтоқсан.2021, 10:15,
  • 787

Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Дамудың даңғыл жолына түскен Қазақ елінің жетістікке, жасампаздық пен мерейге толы 30 жылы. Осы жылдар ішінде мемлекетіміз барлық жағынан дамыды.

Соның ішінде сот жүйесі Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап уақыт талабына сай дамып, азаматтар құқықтарының жоғары деңгейде қорғалуы үшін көптеген реформалар енгізілді. Нәтижесінде құқықтық мем­лекеттің стандарттарына сай шынайы тәуелсіздікке қарқынды қадам бастық.

 

Мемлекетті мемлекет ететін заң десек, сол заңның мүлтіксіз орындалуын қадағалап, әділдік принциптерін жүзеге асырушылардың алдында қоғамның және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін заңсыз қол сұғушылықтан қорғайтын – ол сот жүйесі.


Тәуелсіз елімізбен бірге дамыған сот жүйесінде болған жүйелі өзгерістер баршаның сотқа қол жетуін қамтамасыз етіп қана қоймай, кез келген тұлғаның өз құқықтарын сот арқылы жүзеге асыруына жол ашты, азаматтардың сот билігіне сенімін күшейтті. Әсіресе соңғы жылдары халықтың сотқа деген сенімін арттыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылды.


Осы орайда,  Сот төрелігін жүзеге асырудағы бас­ты тұлға – судья екендігі баршамызға мәлім. Халықтың сотқа деген сенімін арттыратын бірден бір тұлға да судья. Сондықтан елімізде судьяларды іріктеу жұмысына талап күшейіп, жыл өткен сайын судьялыққа үміткерлерге қойылатын талаптар жоғарылай түсуде.


Қазақстанның Жоғары сот кеңесі қоғамымызда уақыт сұранысына сай судьяларды қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отыр. Заңға сәйкес Жоғары сот кеңесі Қазақстан Республикасы Президентінің соттарды құру, судьялардың тәуелсіздігі мен ешкімнің тиіспеу кепілдіктері бойынша конституциялық өкілеттілігін қамтамасыз ететін дербес мемлекеттік орган.


Оның қалыптасуы мен еліміздің құқықтық алаңында дамуы Тәуелсіз Қазақстанның сот жүйесінің қалыптасуымен тығыз байланысты.


Аталмыш органның маңыздылығы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап белгілі болды.


Қазақстан Тәуелсіздігін алған соң 1995 жылы 30 тамызда Конституцияны қабылдағаннан кейін республиканың сот төрелігі органдарының тарихында сот билігінің тәуелсіздігі мен оны кадрлармен қамтамасыз етуді жетілдіру принципінің бетбұрыс кезеңі басталды. Сот жүйесінің және судьялардың мәртебесі жеке бөлімде конституциялық деңгейде анықталды.


Соттардың тұрақтылығы мен жергілікті соттардың судьяларын тағайындауды Президент, ал Жоғарғы соттың судьяларын сайлауды Парламент Сенаты жүзеге асыратыны ел Президентінің 1995 жылғы 20 желтоқсандағы Жарлығымен бекітілді.


Сонымен қатар,  Жоғары сот кеңесі мен Әділет біліктілік алқасы құрылды. Жоғары сот кеңесіне ел Президенті жанындағы консультативтік-кеңестік орган ретінде судья лауазымына үміткерлерге кепілдеме беру міндеті  жүктелді.


Егеменді мемлекеттің тарихында тұңғыш рет судьялар тұрақты мерзімге тағайындала бастады.  Кеңесті  1998 жылға дейін Мемлекет басшысы басқарса, ал 1998 жылдан бастап Кеңес Төрағасы басшылық етуде.


Әрі қарай Кеңес өз алдына дербес орган болды.


Сот жүйесін атқарушы органдардан бөлу мақсатында Әділет біліктілік алқасы жойылып, оның өкілеттілігі Жоғарғы сот кеңесіне берілді.

2005 жылы өткен судьялардың кезекті Съезінің қорытындысы бойынша, заңнамаға үміткерлерді қатаң конкурстық негізде іріктеу тәртібін бекітетін нормалар енгізілді.


Осылайша, Жоғары сот кеңесінің және жалпы сот жүйесінің кадрлық әлеуетінің мәртебесін бекітудің құқықтық негізі жасалды.

  •  2007 жылдан бастап Жоғары сот кеңесі заңды тұлға   құрмайтын  мемлекеттік мекеме болды.

  • 2008 жылы қарашада «Жоғары сот кеңесі туралы» заңның қабылдануы судьялардың тәуелсіздігі мен судьяларды сапалы іріктеу жөніндегі өкілеттілігінің аясын кеңейте түсті.

  •    2016 жылы жаңа «Жоғары сот кеңесі туралы» Заң қабылданғаннан кейін Кеңес айтарлықтай өзгерді. Кеңеске судья лауазымына кәсіби емтиханды қабылдау, бос лауазымдық орындарға судьяларды конкурстық жолмен іріктеу және Сот жюриінің шешімі бойынша арыз-шағымдарды қарау міндеттері жүктелді.

Сол себепті Жоғары сот кеңесі Жоғарғы сотпен бірлесе отырып, судьялардың тәуелсіздігін күшейту және   кадрларды іріктеу процесін жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізді. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Кеңес құрамының жартысы судьялардан құралды.


Кеңес аппараты құрылды. Сол кезеңнен бастап Жоғары сот кеңесінің дамуы мен судьяларды іріктеу және тағайындау жұмыстары халықаралық стандарттар зерттеле отырып жүргізіле бастады. 


Атап айтқанда, БҰҰ Сот органдары тәуелсіздігінің негізгі қағидаттарында  «Судья лауазымдарына іріктелген адамдар жоғары моральдық қасиеттер мен қабілеттерге, сондай-ақ құқық саласындағы тиісті дайындық пен біліктілікке ие болуы тиіс» деп көрсетілген.


Аталған маңызды мән-жайларды ескере отыра, сот жүйесінің мәселелеріне, оның ішінде судьяларды іріктеуге мемлекеттің бірқатар бағдарламалық және стратегиялық құжаттары арналған.


Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Бес институционалды реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да судьялардың біліктілік талаптарын қатаңдату және судья лауазымына іріктеуде жүйелі шаралар қабылдау тапсырмасы берілген болатын. Елбасы бастамасын жалғаған Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев «Сот – заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан судьялар жоғары кәсіби талаптарына сай болуы – бұл үлкен міндет» деп атап өтті.


Яғни бұл мәселе еліміздің үнемі басты назарында.


Осы орайда,   «Қазақстан Республикасының Жоғары сот кеңесі туралы» Заңда алғаш рет Кеңес түрлі санаттағы сот лауазымдарына кандидаттарды іріктеуді жүргізу кезінде ескеретін жекелеген критерийлер бекітілді.


Заң қабылданғаннан бері Жоғары сот кеңесі өз жұмысын жандандыра түсті. Бүгінде судья болу үшін конкурста судьяның бір бос орнына 7-ден 100-ге дейін үміткер қатысып, бақ сынауы бәсекелестіктің артқанын білдіреді.  


2019 жылдан бастап судьялық басшылық лауазымдардың кадр резерві, судьяларға қатысты тәртіптік өндіріс институты Кеңестің құзырына берілді, конкурстық жолмен іріктеу аясы кеңейтілді, салада заманауи ақпараттық технологиялар қолданылуда. Қазіргі таңда Жоғарғы сот кеңесінің құрамы құқықтық қоғамдастық өкілдерінің есебінен толықтырылды, кеңестің тұрақты мүшелерін тағайындаудың ротациялық принципі бекітілді, судьяларды іріктеудің принциптік жаңа тетіктері енгізілді.


Кеңестің алдына қойылған міндеттерді орындау жолында тиімді жұмыс атқаратын арнайы комиссиялар құрылды.


Кеңестің әрі қарай дамуындағы жаңа белестері қазіргі таңда Республика Парламентінде талқылаудан өткен заң жобасында қарастырылған.


Бұл облыстық соттың судьялары лауазымына үміткер арнайы мамандарға арналған кәсіби біліктілік емтихандарының кезеңдерін оңтайландыруға, кәсіби біліктілік емтихандарын қайта тапсырудың мерзімін  қысқартуға, конкурсқа қатысу кезінде алыс соттардың судьяларына басымдық беруге қатысты.


Бүгінгі күні Жоғары сот кеңесінің  басты мақсаты – ел тәуелсіздігінің құнды­лықтарын қорғайтын қуатты, адамгершілік келбеті айқын, адал, турашылдықтан таймайтын, халыққа Тәуелсіз елдің сотын көрсететін әділ судьяларды қалыптастыру болып отыр.


Жоғары сот кеңесі өзінің аппаратымен бірге Қазақстан Республикасы Президентінің соттарды қалыптастыру жөніндегі конституциялық өкілеттіліктерін, судьялардың тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің тиіспеу кепілдіктерін қамтамасыз ету жұмыстарын сапалы түрде одан әрі жалғастыра бермек.


Құрмантаева Лаура, Қазақстан Республикасы Жоғары сот кеңесі аппараты басшысының орынбасары.

скачать dle 12.0
Тағы да оқыңыздар:
20.09.2021
03.09.2021
30.12.2020
04.09.2019
10.06.2019
ПІКІР
02 қантар11:40,
Әлем / Видео
Мысырда бұршақ пен қар жауды   Видео
«    Қараша 2024    »
ДсСССрБсЖмСнЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930