Елімізде 23 мыңға жуық ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала бар. Олардың 4211-і балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. 2021 жылы 668 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала пәтермен қамтамасыз етілді. Ал тұрғын үй кезегінде 59 026 жетім бала тұр.
Салыстыра келе, елімізде 2020 жылдың қорытындысы бойынша 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 2019 жылғы көрсеткіштен 16,8% артты. Соңғы 5 жылдың аясында тұрғын үй салу көрсеткіші бойынша, жыл сайын 10 пайыз шамасында өсім байқалады.
Ең қызығы 2013 жылы Білім және Ғылым министрлігі дайындаған Заңға сәйкес, мемлекеттік қордағы үйден ең бірінші кезекте жетім, не ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар алуы керек екен.
Сонымен қатар, салынған тұрғын үйден кем дегенде 20% жетім бала, не ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға үйлестірілуі керек.
Ал шын мәнінде бұндай жандар үйді алу кезегінде 15-20 жылдап күтеді екен. Оның өзі кейбіреулері алып те үлгере алмайды.
Жетімдер үйіндегі 1 балаға ай сайын – 180 мың теңге бөлінсе, жылына шаққанда 2 млн 160 мың теңге шығады екен. Ал барлық панасыз қалғандарға жылына – 757 млн 980 мың теңге бөлінеді.
Салыстырмалы түрде басқа статистикалық мәліметке назар аударсақ, «төбе шашы тік тұрады».
Сотталғандарға билік жылына 38 млрд 220 млн теңге бөледі. Сонымен қатар, оларды тамақтандыру үшін Қазақстан күніне 18,9 млн теңге жұмсайды.
Сонда біздің билікке жетім балаға қарағанда, қылмыс жасап жүрген адамдар маңыздырақ па?!
Бәлкім осы салыстыру кейбіреулеріңізге орынсыз көрінетін шығар. Бірақ сандар осылай сөйлеп тұрғаннан кейін, ойымызға келетіні осы.
Ал дәлел үшін жоғарыда келтірген мәліметтер аз десеңіз, келесілерді көріңіз. Нарықтағы бағалар негізінде, шағын ғана 100 пәтерден 5 қабаттан тұратын үйді шамамен 480 млн теңгеге салуға болады деп есептейік. Сонда үй кезегіндегі 59 мың баланы пәтермен қамтамасыз ету үшін, орташа есеппен 28 млрд 320 млн теңге керек екен.
Үкімет болса, 2017 жылы – ЭКСПО Халықаралық көрмені өткізу үшін 565,1 млрд теңге жұмсаған еді.
Ал елордамызда жемқорлықтың ескерткішіне айналған ЛРТ-ға 2015 жылдан бастап шамамен 200 млрд теңге көлемінде ақша бөлді.
Сонда халыққа түк пайдасы жоқ, тек көзбояушылық болатын жобаларға қыруар қаражат бөлудің не қажеті бар?!
Қорытындылай келгенде, қазағым – «Жетім көрсең, жебей жүр» деп бекер айтпаса керек. Тарихта, жетімдерді қазақ ешқашан қамқорлықсыз, көмексіз қалдырған емес.
Барлық жағдайлар мен тараптарды ескерсек, сөзсіз барлық осындай балаларды не басқа әлеуметтік жағдайы төмен топтағы адамдарды қажетті тұрғын үймен бірден қамтамасыз етуге қиын. Дегенмен, Тәуелсіздік алғалы 30 жыл ішінде қаражат дұрыс және әділетті үйлестірілсе, жетік қадағалап, кәдесіне жаратылса, көпшіліктің арманын орындауға болары еді.
Әлі де кеш емес... Мұқтаж жанұялар жетерлік. Ал Үкімет осы салаға қатысты соңғы уақытта қанша көңіл бөлсе де, жағдай өзгермей, қиындап жатыр.