Депутат Қазақстанда карантин кезінде ішімдікке тәуелді болғандардың саны күрт өсіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Статистика комитетінің мәліметі бойынша, еліміздегі коронавирусқа қарсы карантин мезгілінде арақ, ликер өнімдерін тұтыну мөлшері 21,5 пайызға (2020 жылғы қаңтар-қарашада 35,7 миллион литрге дейін) өскен.
Ал спирт ішімдіктерінің иммунитетті әлсіретіп, адам организмінің жұқпалы аурулар мен вирустарға қарсы қабілетін нашарлататыны - белгілі жайт. Түрлі қатаңдату, шектеу шараларына қарамастан, былтыр мас күйінде көлік жүргізген 8900 адам ұсталған.
Жалпы, Дүние жүзі денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, бүгінде Қазақстан халқы жан басына шаққанда 11 литр таза спирт тұтынады екен. Осы көрсеткіш бойынша еліміз Орталық Азия өңірінде "ең ішкіш елге" айналғаны көңілге кірбің ұялатады. Бұл жағынан әлемде 34 орындамыз. Мысалға, Қырғызстан – 106, Түркменстан – 114, Өзбекстан – 131, Тәжікстан – 134 орынды иемденіпті. Қытай 95 орында.
Бұл – дабыл қағарлық меже. Ел болып, етек жинап, барлық үкіметтік мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық және діни бірлестіктер, отбасы институты тарапынан жүйелі жұмыс жүргізіп, нысаналы-мақсатты әрекетке көшпесе, істің насырға шабатын түрі бар.
Ғаламдық кеселдің кесірі халқымызға, ұлтымызға тимесін десек, спирттік ішімдіктерге, есірткіге, құмар ойындарына әуестілікті дәрігерлердің көзқарасымен "дерт" ретінде ғана бағалауды қайта қарайтын уақыт келді. Дәл қазіргі уақытта ондай науқастар үшін барлық жауапкершілік дәрігерлердің мойнында десе болады. Мұндай санаттағылар санаториядағыдай ем алып, курорттық жағдайда тұрып жатыр. Оның бар шығыны мемлекеттік бюджетке жүктелген.
Ақылға сыйымсыз бұрынғы шешімдерді өзгертуге қоғам да қарсы емес. Әйтпесе, осындай орталықтарда "ортақ жауапкершілік" (солидарная ответственность) атты медициналық ұғым еленбей, ескерілмей қала бермек пе, әлде өздігінен жойылып кете ме? Мәселен, Қылмыстық кодексте мас күйінде қылмыс жасау - кінәні ауырлататын мән-жай ретінде қарастырылады, яғни ішіп алып жол апатына ұшыраудың, адамды қағып кетудің арнайы жазасы бар.
Сондай-ақ, Ата заңымызда белгіленгендей, елімізде мәжбүрлі еңбекке сот шешімімен ғана жол берілетіні белгілі. Алайда, оңалту орталықтарында дене қозғалысы аз, қолы бос адам қалай емделмек?
Осыны ескере келіп, мынадай ұсыныстар енгіземіз:
1. Елімізде алкоголизмге, нашақорлыққа және құмар ойындарына қарсы күрес бағдарламасының жұмысы 2015 жылы аяқталған.
"Дені сау ұлт" ұлттық жобасының 4-бағытында салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін көбейту жоспарланған. Соның 8-шарасы алкоголь мен есірткілер бойынша Европалық мектеп тексерісі жобасы методологиясы бойынша психобелсенді заттарды жастар арасында тұтыну жөнінде зерттеулер жүргізу және темекі, алкоголь, ПБЗ тұтынудың алдын алу жөнінде ақпараттық түсіндірме жұмысын жүргізу көзделген. Соған тиісті қаржы қарастыру қажет деп санаймыз.
2. Маскүнемдікке, нашақорлыққа және құмар ойындарына салынғандарды дуальды оқыту арқылы арнайы кәсіпке бейімдеу, қоғамға қажетті жұмыстарға, волонтерлық қызметке, экономиканың басқа да секторларына тартуға болар еді.
3. Бұл бағытта тиімді жұмыс ұйымдастыру үшін жергілікті атқарушы органдар мен денсаулық сақтау орындарының құзыретін кеңейтудің жөні бар деп ойлаймыз. Өйткені заң талабы, берік дәстүр жүйесі, айқын мемлекеттік тетік қажет.