"Ресей президенті Владимир Путин елді 1999 жылдан бері басқарып келеді (президент болса да, болмаса да). Соңғы 22 жылда ол жоғары рейтингін сақтай отырып, президент те, премьер-министр де болды. Бірақ сауалнамалар коронавирустың соңғы өршуі оның рейтингіне теріс әсер еткенін көрсетеді", - деп жазады Daily Express.
Басылым жазғандай, дәл қазір Путиннің "жағымдылығының" рейтингі 61% болды, бұл 2020 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш. Ол соңғы рет дәл осындай төмендеу 2020 жылдың шілдесінде, Ресей алғашқы карантинді ұзартқан кезде тіркелген.
Ол кезде ресейліктердің 59 пайызы ғана президентті құптаған, ал 33 пайызы сыни көзқараста болған. Рейтингі ұзақ уақыт бойы 60%-дан жоғары деңгейде сақталғанымен, Путин биыл маусым айынан бастап тұрақты түрде өзінің позициясын жоғалта бастады.
Мамыр айында коронавирусқа қарсы шектеу шаралары жұмсартылған кезде Ресейде инфляция өсе бастады. Соңғы айда тұтыну заттарының бағасының өсуі 6%-ды құрады, азық-түлік бағасы да өсті.
Шілдеде Путиннің рейтингі 64%-ға дейін төмендеген кезде, Ресейде коронавирустың жаңа толқыны болды. Росстат мәліметінше, бір айдың ішінде 38 992 адам коронавирустан қайтыс болды, вирус жұқтыру күніне 55 000 адамға дейін жеткен.
Қазір коронавирус жұқтырудың соңғы жеті күндегі орташа көрсеткіші 18 707-ге дейін төмендеді, бірақ ресейліктердің Путинге деген көңілі қайта жақсармады. Statista агенттігі тіпті Путинді құптамау рейтингі рекордтық 37%-ға жетті, деп хабарлады. Бұл Путин билігі үшін тарихтағы ең нашар көрсеткіш, бұған дейін оның рейтингінің бұлай құлдырауы 2013 жылдың қарашасында бір рет болған.