Нұр-Сұлтан қаласы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, елордада жаңа жыл түні мен жаңа жылдың алғашқы күндері тыныш өтті. Бұл күндері Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істегені хабарланды.
Елордалық полиция басшысы Ержан Сәденовтің айтуынша, аса ауыр қылмыстар жасалған жоқ. "Осы кезеңде елорда аумағында 27 қылмыс тіркелді, оның ішінде 20-сы "ізін суытпай" ашылды. 102 шұғыл шақыру пультіне тұрғындардан екі мыңнан аса қоңырау түсті. Олар негізінен жол қозғалысы ережелері мен түнгі тыныштықты бұзу және отбасылық жанжалдар бойынша", - деді ол.
Жолдарда 126 жол-көлік оқиғасы тіркелген, қаза тапқандар жоқ. Көлікті мас күйде басқарған тоғыз жүргізуші ұсталып, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалған.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 31 желтоқсаннан 2 қаңтардың бірінші жартысына дейін жедел медициналық жәрдем бригадалары түрлі дәрежедегі 2 699 шақырту бойынша жұмыс істеген.
Жедел жәрдем қызметкерлері биыл шақырулар көп болмағанын атап өтті. Жұмыс күндерімен салыстыратын болсақ, жағдай тұрақты, қоңыраулар саны орташа статистикадан аспаған.
Негізінен тамақтан улану, әртүрлі жағдайларда алынған политравма және басқалары бойынша қоңырау шалынады екен.