Телеарна мәліметінше, мейрамхана мектеп үлгісімен қайта жабдықталып жатыр. Бұл мектепте "Нұрсәт" мөлтек ауданында орналасқан №80 мектеп лицейінің оқушылары оқиды. Дәл осы лицейдің оқушылары былтыр қоғамдық монша болған ғимаратта білім алған еді. Ал тойханадан мектепке айналған мектеп 1200 оқушыға арналған.
Қазір салтанат сарайының іші оқу бөлмелеріне бөлінген. Талай жасқа тілек айтылып, тост көтерілген тойханада енді қоңырау үні сыңғырламақ.
Пандемия басталғалы жарты жылда тойханалардың жұмысы толық тоқтаған. Сарайдың иесі Есбол Қамбаровтың айтуынша, бір кездері той кәсібінен айына 20 миллион теңге табыс табатын. Ал мектептен ондай табыс түспесі анық. Оның бұл қадамға баруына тек білім саласына қайырымдылық жасау себеп болған.
"Тойхана салтанат сарайы емес, енді мектеп болады. Басы бүтін мектеп. Ақылы, ақысыз мектеп болады осы жерде. Жалға алып жатқан жоқ ешкім. Мен өзім жекеменшік мектеп етіп осыны ашып беріп отырмын. Қазір келіп жатқанның барлығы ақысыз. 2-3 ата-ана ғана ақылыға арыз жазып отыр. Ата-аналардан жиналғанына қарай көреміз. Бір 100-120 мың теңге көлемінде айына ақылы болатын шығар", - дейді Есбол Қамбаров.
Салтанат сарайы ішіндегі шығыс үлгідегі дизайн сол күйі қала бермек. Жаңа мектептің директоры Айшагүл Шайхинаның айтуынша, бұл балалардың білім алуына кедергі келтірмейді.
"Бала саны онда 3,5-4 мыңға дейін артығымен шығып жатыр. 3-4 жыл қатарынан қосымша ғимараттарды жалға алып жатыр. Сондықтан біз осы жерге ұсыныс жасадық. Бұл кісіге рақмет айтамыз. Педаготерді өзім алып келдім. Себебі жаңа мектеп ашылса, оқушы соған кетсе олардың жалақысы қысқармау керек, заң сондай. Неше балаға штат беріледі, сонша мұғалім аударылады", - дейді мектеп директоры.
Шымкенттік Білім басқармасының мәліметінше, алдағы үш жылда 47 жаңа мектеп салу жоспарда бар.
#тойхана #мектеп #шымкент #оқу #білім