Мектептен бір адым жердегі нысанның кірпіші әне-міне қаланбақ. Кәсіпкер бетон плиталары, қиыршық тас, құм сияқты құрылысқа керек заттарды әкеп тастаған. Бірақ қоршау керектігін естен шығарып алған сыңайлы. Ол аздай, осындағы тұрғындармен де келіспепті. Халық, әсіресе, жер астымен өтетін су құбырына зиян тиіп қала ма деп қорқып отыр.
БАҚЫТ КӘКІМОВА, Жаңаарқа ауылының тұрғыны: "Бала-шаға жүретін жер. Енді қарашы, аядай жерге мынадай қылып салып отыр. Сол дұрыс па екен енді? Әкімнің өзі не деп айтты, мен халықпен санаспаймын деді".
Ол аздай, тұрғындар құрылыс басталса, балалар зардап шеге ме деп қорқады. Аумағы 300 шаршы метр болатын нысанды тұрғын үйге тақап салуға қай заңға сүйеніп рұқсат берілгенін тұрғындар әлі ұға алмай жүр.
Ал әкімдік өкілдері кәсіпкерге 600 мың теңгеге сатылып кеткен жердің астында ешқандай құбыр мен электр сымдар тартылмаған деп отыр. Сондықтан құрылысты бастамауға да еш негіз жоқ, сөздерінше.
ҚАНАТ ҚОЖАҚАЕВ, Жаңаарқа ауданы әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары: "Тұрғындармен талай кездескен болатыбыз. Бұл кісілердің айтатын уәждері бар. Ал енді заң жағынан келсек, құжат жағынан келсек те бұл кісіге салмауға еш себеп жоқ".
Шенеунік құрылыс су құбырына зиян тигізбейді деп сендірді. Дегенмен олай-бұлай болып қалса, кәсіпкер ешкімді тіршілік нәрінсіз қалдырмайды деді. Ал бұған дейін әкімдіктен бастап, прокуратураға дейін шағымданған жұрт енді Елбасыға хат жазамыз деп отыр.
#жаңаарқа #қарағанды #құрылыс #дау #кәсіпкер