Қала басшылары көшпелі жиын өткізіп, құрылыс жұмыстарын да аралап шықты.
Алдымен біраз жылдан бері жергілікті тұрғындардың өзекті мәселесіне айналған, арнасы лас қоқыс пен сасық суға толы қала орталығындағы 15 шақырым каналды тазалау жұмысын көрді.
"Бұл канал қала тұрғындарының денсаулығына зиян. Лас-қоқыс жиналып, маса, шыбын-шіркей қаптап тұр. Экологияға да керіс әсер етуде. Біраз жылдан бері бұл арнаны тазалау жоспарланған екен. Осыны қолға алдық. Бірер ай ішінде аяқтаймыз. Бірақ бұл каналдың дренаж екенін байқадық. Суынан сынамалар алғанбыз. Кейін суының тұзды, яғни жер асты суы екенін білдік. Оған қоса, жергілікті тұрғындар бұл каналды көмуге ұсыныс айтқан еді. Алайда, біз мұны көмбейміз. Өйткені су таситын апаттық жағдайларда бізге бұл арна керек. Су сақтауға қажет. Мұнда жарты миллион текше метр су сияды. Сондықтан әзірге тазалап қоямыз", - дейді қала әкімі Қайрат Оразбаев.
Қала басшылары бұл каналдың бойымен тұрғындарға техникалық су құбырын жүргізбек. Сонымен қатар, қаланы көгалданыруға арналған суару құбыры құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған. Алайда, техникалық құжаттарды жинақтау барысында біраз кедергілер болған. Құны 1 млрд 628 млн теңге. Жобаның 80% жұмысы аяқталған.
"Қазір Атырау қаласын көгалдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Тал-теректі көп егудеміз. Осыны суару үшін су құбырлары керек. Сондықтан бұл жобаны тезірек қосуды қолға алдық. Ең үлкен 12 көше арқылы өтеді. Бұл құрылысты қыркүйек айына дейін аяқтап, іске қосамыз. Жалпы халықтың бау-бақшасына да су жеткізу мәселелерін қарастырып жатырмыз. Аталған жобаны жүзеге асыруда техникалық құжаттарын жасақтауда қиындықтар болып, кешігіп қалған", - дейді қала әкімі Қайрат Оразбаев.