Комиссия қала аумағында су басу қаупі бар 30-дан астам учаскені анықтады. Көктемгі су басу қаупінің алдын алу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ арықты, нөсерлік кәріз жүйелерін тазарту жалғасуда. Бұдан басқа, Есіл өзенінің арнасын кеңейту аяқталды. Қазір арнаны қайта жаңарту, су реттейтін бөгет салу қолға алынған. "Су тасқынына қарсы іс-шараларды күшейту қажет. Елді мекендерге баса назар аударуымыз керек. Жеке сектор тұрғындарына үйінің шатырын және іргелес аумақты қардан уақытылы тазалау туралы хабарлама беріліп жатыр. Тұрғындар ауласындағы қарды жол жиегіне шығарып жинаған кезде ғана коммуналдық қызметтер алып кетеді. Елді мекендер ерекше бақылауда. Айталық, Ильинкада бөгет нығайтылды, ал "Көктал-1" елді мекенінде уақытша құм бөгет салынды. "Өндірісте" өзен арнасын қалпына келтіру жұмысы жүргізілуде, бұл өзен суының кедергісіз өтуін қамтамасыз етеді", - деді қала әкімі Алтай Көлгінов. Қала мен шеткері аймақтарды су тасқынынан қорғайтын контрегулятордың жұмыс режімі бекітілді. Көктемгі су тасқынын қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ету мақсатында Майбалық көлінен "Нұра-Есіл" каналына дейін жұмыс істеп тұрған арнаның өткізу қабілеті арттырылады. Коммуналдық қызметтер күшейтілген режімде қар тазалауға көшті. Бүгінде қала аумағынан 4,6 млн текше метр қар шығарылды. Өткен қыста шығарылған қар көлемі екі есе аз болды. Былтыр тек 1,9 млн текше метр қар шығарылды. "Қазгидромет" РМК гидрометеорологиялық орталығының директоры Марина Шмидттің айтуынша "былтыр қыста жауған қардың көлемі - 102 мм болса, биыл қыста қараша мен ақпан аралығында жауған қар көлемі 173 мм-ге жеткен. Бұл шамамен нормадан екі есе жоғары" (бір айдың нормасы -15 мм болса, 15 күнде 34 мм қар жауды).