Министрдің сөзінше, биыл ҰБТ форматы өзгерген жоқ. Барлығы - 5 пән: үш міндетті және екі бейімдеу. Тест қағаз жүзінде өтеді. Тест тапсырмаларының саны - 120, ең жоғары балл - 140.
Аймағамбетовтің айтуынша, биыл ҰБТ тапсырушылардың бет-әлпетін Face ID көмегімен сәйкестендіреді.
"ҰБТ-ға қатысу үшін кіру кезінде бет-әлпетін Face ID көмегімен тұлғаны сәйкестендіру алғаш рет қолданылады. Жыл сайын берілетін қағаз сертификаттың орнына биыл ҰБТ-ның электрон сертификаты және білім грантын тағайындау кезінде де электрон куәлік беріледі. SAT, ACT және IB сияқты халықаралық тесттердің баллдарын ҰБТ ұпайына аудару шкаласын енгіздік. Сондықтан, көрсетілген сертификаттары бар тұлғалар ҰБТ тапсырудан босатылып, білім беру грантын тағайындау конкурсына осы ауысқан баллымен қатыса алады. ҰБТ шекті баллын жинамаған тұлғалар енді жыл бойы ҰБТ тапсыру мүмкіндігіне ие", - деді министр.
Тесттен өтушілерге тапсыру орындарында қарапайым калькулятор беріледі екен. Сонымен қатар, тестілеу уақыты 3 сағат 50 минуттан 4 сағатқа ұзартылған.
"Талапкер жақсырақ дайындалуы үшін оларға орталықтың сайтында ақысыз 70 нұсқалы сынама тест берген едік. Түлектер осы сынама тесттерді тапсыруға мүмкіндік алды. Оған қоса биылғы түлектер мектепте тапсырылатын қорытынды емтихандардан босатылған, осы шараның бәрі түлектерге үлкен көмек екені сөзсіз", - дейді ол.
Биыл ата-аналарға баласын ҰБТ тапсыру пунктінде күтуге тыйым салынады. Оның орнына министрлік онлайн-көрсетілім ұйымдастырмақ.
"Коронавирус тарауының қаупін азайтуға арналған қосымша бес сақтық шарасы қолданылады. Біріншіден, тест тапсырушыларды залалсыздандыру туннельдерінен өткізу. Екіншіден, аяқ киімдерді арнайы залалсыздандыру кілемшелерімен өңдеу. Үшіншіден, қолды санитайзерлермен залалсыздандыру. Төртінші - әр талапкердің дене қызуын өлшеу. Бесінші - бір реттік жаңа маска беру", - дейді ол.