"Қыздар академик болмауы керек. Керісінше олар академиктерді тууы керек. Қыздардың мақсаты - бала табу", - деген абайтанушы Назарбаев Зияткерлік мектебінде берген сөзінде.
Бұндай мәлімдеме оқушылардың арасында наразылық туғызғаны сөзсіз. Тараздағы Зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысы Аяулым Қанатбек Instagram желісінде назымен бөліскен еді.
"Неліктен мен ХХІ ғасырда өз мақсатыма қол жеткізу үшін емес, ақымақ бала тумау үшін оқу керексің дейтін әңгімелерді естуім керек", - деп жазады ол.
Оқушы қыз баланың отанына қосар үлесі тек ер адамға қызметші рөлін атқару, жаңа ұрпақ әкелумен ғана шектеледі деген ойға қарсы келді.
"Маркер деген бар. Маркердің бір ғана қызметі бар: жазу. Маркер жазуды тоқтатқан кезде, біз оны тастаймыз. Әйелдермен де сондай", - деп жауап берді оның қарсылығына ғалым.
Аялуымды бұл тарапта мектеп басшылығынан қолдау тауып отыр:
"Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы Омар Жәлелдің кездесу барысында айтқан қыздардың қоғамдағы рөлі және орны туралы пікірін қолдамайды. "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы Тараз қаласындағы Зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысы Аяулым Қанатбектің ұстанымын қолдайды және оның Инстаграм әлеуметтік желісіндегі қыздардың заманауи қоғамдағы миссиясы туралы жарияланымымен келіседі", - делінген білім беру ұйымының ресми хабарламасында.
Осыған дейін абайтанушы тікелей эфирде "қыз - "тауар", олардың ата-анасы - "саудагер" деген сөзімен сын астында қалды.