"17 ақпанда ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулысы шықты. Қаулы бүгін түнгі сағат 00:00-де күшіне енеді. Бұл коронавирусқа қарсы профилактикалық шараларды күшейтуге бағытталған", - деді ресми өкіл.
Осы қаулыға сәйкес, шет елдерден келіп жатқан азаматтар үш топқа бөліп қарастырылады.
"6 ақпаннан бастап Қытай жерінде болған азаматтар міндетті түрде 14 күн стационарға карантинге жатқызылады. Қосымша тағы 10 күн дәрігер қадағалауында болады. Екінші топ - коронавирусты оннан астам адам жұқтырған қалалардан, елдерден келген азаматтар. Олар 14 күн үй карантиніне жатқызылады және тағы 10 күн жергілікті мекенжайы бойынша дәрігер қадағалауында болады", - деді Д. Ахметшәріп.
Үшінші топта оннан аз науқас тіркелген елдерден келген азаматтар қарастырылады. Олар тұрғылықты жері бойынша 24 күн дәрігер бақылауында болады.
"Бұл тәртіпті бұзғандар әкімшілік құқық бұзу кодексінің 462-бабына сай жауапкершілікке тартылады, айыппұл салынады. Карантиндегі адамдарды жергілікті учаскелік дәрігерлер мен полиция өкілдері күн сайын қадағалап отырады. Үй карантинінде отырған азаматтар ең алдымен жақындары мен достарын ойлауы тиіс және карантин талаптарын қатаң сақтауы керек. Әзірге індет өршіп тұрған елдерге шықпауларыңызды, сапарларыңызды кейінге шегеруді сұраймыз", - деді Диас Ахметшәріп.