Базар, вокзал сияқты ел көп шоғырланатын орындарда ашылатын орталықтар таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін жұмыс пен кәсіп іздеген адамдарды қабылдайтын болады. Орталық мамандары қолында дипломы болса да, мамандығына сай жұмыс таппай жүрген жандарды біліміне сәйкес жұмысқа орналастырып, жоғары білімі жоқ жандарды кәсіби оқу орталықтарына жолдайды. Ал бизнес ашқысы келгендер «Жас кәсіпкер» және «Бастау» жобасы арқылы кәсіпкерлік қырларын меңгереді.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Жұмағазиев мұндай мобильді орталықтар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ашылып жатқанын айтады.
«Елордада 8, Алматыда 12, Шымкентте 10 орталық ашып отырмыз. Бұл орталықтың ең басты ерекшелігі жылжымалы етіп салынғанында. Егер орналасқан жерінде келушілер аз болса, адам көп өтетін басқа орынға апарып қоюға болады. Президент мобильді қызмет көрсету орталықтарын халықтың шоғырланған жерлеріне орнату туралы тапсырма бергенін білесіздер. Соған байланысты, «Еңбек» бағдарламасы арқылы қаражат бөліп, 3 қалада 30 орталық аштық. Мұнда негізінен жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтамасыз еткен тұлғалар көмек алатын болады», - дейді Эльдар Жұмағазиев.
Орталыққа жүгінген тұрғын тек кәсіпке жолдама алып қана қоймай, жеке тұлғалық қасиеттерін де дамыта алады.
«Келесі бір бөлме орталық көмегіне жүгінген адамның жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту бойынша көмек көрсетеді. Азамат біздің мамандармен ақылдаса отырып, алдағы 2-3 жылға табысы мен әлеуметтік статусын, білімін көтеруге арналған жоспар құрады. Орталық өкілдері сол жоспарды орындауға жол сілтеп отырады», - деді «Атамекен» ҰКП өкілі.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/elordada-mobil-di-zhumyspen-kamtu-ortalygy-ashyldy_a3550354
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/elordada-mobil-di-zhumyspen-kamtu-ortalygy-ashyldy_a3550354