USD 444.32
EUR 473.33
RUB 4.76
«Алыптың қуаты – халықта, халықтың қуаты – бірлікте!»
 
RSS лента

Ақтөбе облысында мұнай кеніштеріндегі жүргізушілер наразылық шарасына шықты

  • 02.қараша.2021, 09:52,
  • 137

1 қарашада Ақтөбе облысындағы Кеңқияқ, Жаңажол мұнай кеніштеріне көлік қызметін көрсететін алты компанияның жүз шақты жүргізушісі наразылық білдіріп, жұмысқа шықпай қойған. Олар жалақының аздығына наразы.

Дүйсенбі күні жұмысқа шығудан бас тартқандардың бір тобы Кеңқияқ кенішіндегі "СНПС - АТК" компаниясының жанына жиналған.


"СНПС - Ақтөбемұнайгаздың қосалқы мердігері "Western hope trade" компаниясына жеке көлігімді 2011 жылы жалға бердім. Сол жылы бензиннің литрі 93, ал газ 30 теңге еді. Қазір бензин 180, ал газдың литрі 80 теңгеден. Жеке көлігімді жалға беріп, оны жүргізгенім үшін (сегіз сағаттық жұмыс) айына 180 мың теңге жалақы аламын. Іссапар шығыны, ас-су, бензин, қосалқы бөлшек – бәрі осы 180 мыңның ішінде. Одан бөлек апта сайын ПТР тест тапсырамыз. Қолымда 30-40 мың теңге ғана қалады. Жалақым он жылдан бері өзгерген жоқ", – дейді наразылардың бірі Нұртас Кенжебаев.


Наразылық акциясына қатысушылар "Western hope trade", "АктобеТрансСервис АТС", "Pride Group Aktobe", "Актобе Транс Групп" серіктестіктері мен жеке кәсіпкер "Шевченко Е.Н.", "Табынмен" келісім жасасқан. Наразылардың жалақысы біркелкі емес. Өйткені олар келісімшарт жасасқан компаниялар, жалға берген көліктердің маркасы әртүрлі.


Мысалы, "Табын" деп аталатын жеке кәсіпкерге НИВА көлігін жалға берген Ертай Айтжанов ай сайын 180-200 мың теңге алады.


– Бүгін Жаңажол мен Кеңқияқ кеніштерінде 120 адам жұмысқа шықпай қойды. Кеңқияқтағылар "СНПС-АТК" компаниясының жанына жиналып тұрмыз. Қазір бұл жерде алпыс шақты адам бар. Бәріміздің талабымыз бір. Жалақыны көбейтсін! – дейді Ертай Айтжанов.


"СНПС-АТК" компаниясының Кеңқияқтағы өкілі Алтынбек Шегембай наразылармен кездескен. Азаттыққа телефонмен берген сұқбатында Алтынбек Шегембай наразылармен "СНПС-АТК" тікелей келісімшарт жасаспағанын, сондықтан олардың компания кеңсесіне келуі орынсыз екенін айтты.


Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясының мәліметінше, бүгін Кеңқияқ пен Жаңажол кеніштеріне облыс орталығынан арнайы комиссия аттанған. Инспекция басшысының орынбасары Талғат Есқарин екі кеніштегі наразылардың саны 120 емес, 80 адам екенін айтады. Еңбек инспекциясының мәліметінше, "түсіндіру жұмыстарынан кейін" 15 адам жұмыс орнына оралып, 65 жүргізуші әлі де наразылықтарын жалғастырып тұр.

скачать dle 12.0
Тағы да оқыңыздар:
12.10.2021
11.10.2021
03.09.2021
05.10.2020
11.08.2020
ПІКІР
02 қантар11:40,
Әлем / Видео
Мысырда бұршақ пен қар жауды   Видео
«    Сәуір 2024    »
ДсСССрБсЖмСнЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930