"Жамбыл облысында болған әскери бөлім аумағындағы жарылыс фактісі бойынша толық және объективті тексеру жүргізу мақсатында ІІМ орталық аппаратының тәжірибелі қызметкерлерінен жасақталған жедел-тергеу тобы құрылды. Тергеу Қылмыстық Кодексінің 462-бабының 3-бөлігі (екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан оқ-дәрілермен және жарылғыш заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша жүргізіледі", - дейді ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз.
Оның айтуынша, шұғыл тергеу іс-шаралары, оның ішінде жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алу, сондай-ақ залал шығынын есептеу үшін бүлінген нысандарға тексеру жүргізіледі. Тиісті сот сараптамалары тағайындалды.
"Сот-медицина сараптамасы тағайындалды. Оқиға орнында саперлер бригадасы, қызметтік-іздестіру иттері бар кинологтар іздестіру жұмыстар жүргізуде. Қазіргі уақытта 15 әскери қызметші мен құтқарушының денесі табылды",- деді ІІМ ресми өкілі
Атқарушы билік өкілдерінің сөзінше, қоғамдық тәртіпті сақтау және оқиғаның салдарын жою үшін 800-ден астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан сарбаздары, 113 арнайы техника, оның ішінде 54-і полиция департаментінен және 59-ы өзге мемлекеттік органдардан жұмылдырылды.
Полиция төтенше жағдай орнына бару жолдарын, соның ішінде теміржолдарды уақытша жауып, оқиға орнына медициналық жедел-жәрдем бригадаларын алып жүру ұйымдастырды.
Төтенше жағдай ауданына жақын орналасқан Қайнар, Жібек жолы, Үшбұлақ елді-мекендерінен 700-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Сондай ақ пойыздың 2 350 жолаушысын автобустармен алып жүру ұйымдастырылып, халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
"Байзақ ауылындағы №4 лицей мектебінде жергілікті атқарушы, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың қатысуымен Жедел штаб құрылды. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері мен полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік жүргізеді. Оқиға орнындағы жағдай тұрақты және құқық қорғау органдарының бақылауында", - дейді Нұрділдә Ораз.