Қала орталығында орналасқан көл Кеңес кезенінде «Комсомол» атымен танылып, жамбылдықтардың сүйікті демалыс орнындарының бірі болатын. Алайда уақыт өте көлдің тозығы жетіп, қараусыз қалғаны жасырын емес. Бас мердігер «South holiday» ЖШС 1,5 миллиард теңге салып, дәл сол аумақтан жайлы және әр түрлі бағыттағы демалыс аймағын ашпақ. Жоба әлеуметтік бағытта іске асады, тек мейрамхана мен үш бассейн орналасқан нысанға ғана ақылы түрде кіру қарастырылмақ. Жалпы, кешен төрт аймақтан тұрады. Онда көлдің өзінің тамаша жағажайы және қайықтар мен катамарандарды жалға беруге арналған орын, тамаша көрініс беретін пирспен қамтылған орталық аллея және жақын жерде орналасқан спорт алаңшалары, арнайы балық аулау аймағы да қарастырылған. Сондай-ақ балалар алаңдары, қарттар үшін демалыс орындары ашылып, сәкілер орналастырылады. Жоба 2023 жылдың екінші тоқсанында толық аяқталады деп күтілуде. Мердігер бірінші кезеңде көлді тазартумен айналысады, оның түбін арнайы геомембранамен қаптап, тас төсемек. Жағажайға таза құм әкелініп, субұрқақтар орнатылады. Сондай-ақ, орталық аллея толық абаттандырылып, түрлі бағалы ағаш көшеттері отырғызылады. «Жұмыс кестесін жасаңыздар, оның орындалуын Тараз қаласы әкімдігі бақылайтын болады. Құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында табиғатқа зиян келмеуіне аса көңіл бөлу қажет», - деді Бердібек Сапарбаев.
#демалысорны #Тараз #Жымбыл #БердібекСапарбаев #экономика