Энтеросорбент дегеніміз – кәдімгі қолданыстағы белсенді көмір. Әдетте ол ағаштан немесе тас көмірден жасалады. Ал қазақстандық ғалымдар оны кәдімгі күріш қауызынан жасап шығарып отыр. Күріш қауызы – ішіндегі дәнді сыртқы ортаның әсерінен қорғайтын табиғи сорбент екен, әрі күріш қауызының құрылымы ағаш құрылымынан бөлек келеді, ол наноқұрылымды. Соның арқасында әлемде жоқ наносорбент тұңғыш рет Қазақстанда жасалды.
Бұл ғылыми ізденіс пен дайын өнім авторлары – Алматыдағы ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты "Жалын" ғылыми-өндірістік технологиялық орталығының ғалымдары.
Ішекте еритін желатинді капсула түрінде шығарылатын қазақстандық белсендірілген көмірдің негізгі белсенді заты – карбонизацияланған күріш қауызы екен. Күріш қауызы – күріш өндірісінің қалдығы. Шикізат ретінде қай күріштің қауызы жоғары қасиетке ие екенін талдаған мамандар еліміздің бірнеше өңірінің арасынан Бақанас күрішін таңдапты.
Қатты, түссіз және дәмсіз қара ұнтақты капсуласымен бірге ауыз арқылы ішке қабылдайды. Биологиялық қоспа ретінде қолдануға ұсынылатын "Bio Life" тағамдық, химиялық, есірткілік және алколоидтік улану, диарея, метеоризм, созылмалы гепатит, бауыр циррозы асқазан-ішек жүйелерінің аурулары, семіру, инсульттің, ишемия мен атеросклероздың алдын алуға көмектесетін қасиеттерге ие.
– Біз осы фармацевтикалық энтеросорбенттер өндірісінің технологиялық тізбегін жолға қоюды көптен бері ойлап келген едік. Сосын Ғылым қорының конкурсына өтініш беріп, олар біздің идеямызды қолдап, қаржы бөлген. Жобамыз жүзеге сәтті асып, дайын өнім шықты. Біздің өніміміз сынақтан өткізілді. Қазір шетелдік компаниялар тарапынан да қызығушылықтар бар, – дейді жобаның жетекшісі, химия ғылымдарының докторы, профессор Сестагер Ақназаров.
"Bio Life" энтеросорбенті – ең алдымен адамның иммун жүйесі мен денсаулығын қолдауға бағытталған. Ол адам ағзасынан ауыр, түрлі улы металлдарды сорып алады. Дәрі болмаса да, пандемия жағдайында денсаулыққа сеп болуға көмегін тигізетін пайдалы өнім. Ең басты ерекшелігі – ол Қазақстанда шыққан, әлемде әзірге баламасы жоқ бірегей қоспа. Басқа белсенді көмірлермен салыстырғанда, "Bio Life" сорбенті – наноқұрылымды көміртек. Сонымен қатар, оның құрамында адам ағзасына қажетті кремний диоксиді бар.
– Біздің үлкен ұжымымызда Covid-19 жұқтырудың бір де бір жағдайы болған жоқ, Құдайға шүкір. Өніміміздің қарт адамдар мен балаларға, тіпті жүкті әйелдерге де ешқандай теріс әсері жоқ. Бір қаптамасы – бір емдік курс, шетелдік сорбенттермен салыстырғанда арзан. Өйткені шикізат ретінде пайдаланатын күріш қауызы – қалдық зат. Ал өндіріс көлемі енді тапсырысқа байланысты болады, – деп қосты Сестагер Ақназаров.
Қазақстандық жаңа өнімге Орталық Азиядағы көрші мемлекеттерді айтпағанда, Қытай мен Ресей, Жапония және Испания сияқты елдерден де қызығушылық бар.
#ағза #жаңатәсіл #денсаулық #күріш