Қазіргі кезде елімізде азық-түлік өндірісінің көлемі 12 пайызға артқан. Сонымен қатар отандық өндірістің ішкі тұтынудағы үлесі 80 пайыздан асты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша 2016-2019 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы өнімдері мен оның қайта өңделген өнімдерінің экспорты бір жарым есе ұлғайды. Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары парламенттік тыңдау қарсаңында Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерімен кездескен болатын. Депутаттар кездесу барысында биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 4,9 пайызға артып, 2,4 трлн теңгені құрағаны туралы хабардар болды. Парламент депутаттары субсидиялау бағдарламасын дамыту, ауыл кәсіпкерлері үшін салықтық жеңілдіктер бойынша мүмкіндіктерді кеңейту қажеттігін атап өтті. «ҚазАгро» холдингінің ақпараты бойынша, биылдың 9 айында несиелендіру мен лизингті қоса алғанда, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру көлемі 325,1 млрд теңгеге жетті. Кездесу қорытындысы бойынша проблемаларды шешу және агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі ұсыныстар әзірленеді және 2020 жылғы 23 қазанда парламенттік тыңдауда айтылатын болды.
#агроөнеркәсіп #ауылшаруашылығы #экономика