Әлемде заманауи көлік салығы (КС) 1908 жылы АҚШ-та пайда болыпты. Оған дейін автомобиль отанының өзінде көлік тек таңдаулыларға, санаулыға ғана тиесілі еді. Ал 1908 жылы Құрама Штаттарда халық арасында «қаңылтыр Лиззи» (Tin Lizzie) аталып кеткен Ford Model T автокөлігі нарыққа жол тартты. Бұл – миллиондаған данамен шығарылған дүниежүзіндегі бірінші машина. Автомобильдің орташа ауқаты ғана бар америкалықтар үшін де қолжетімді болғанын түсінген мемлекет «көлік алымын» енгізді. Әйткенмен, ол жеке салыққа айналмады: сомасы бензин құнына қоса салынды.
«Посткеңестік кеңістікте көлік салығының тарихы ғасырлар тұңғиығынан тамыр тартады. Алтын Орда тұсында жол алымы жиналатын болған. Ол қаржыға керуендерді күзету, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүзеге асырылды. Шыңғыс хан және оның ұлы ұрпақтары негізін қалаған империялардың күйреуімен бірге қазақ жерінде ондай салық жойылды. Ресейде және Украинада қалды: князьдар мен монастырлар көлік иелерінің, аттылардың алып жүретін тауарынан – мыт, саудагерлерінен – годовщина, мостовщина, перевоз аталған алымдар алды. Оларда қаптаған көліктік алым-салық тек 1654 жылы жойылды. 1920 жылдан бастап КСРО, соның ішінде қазақ жерінде көлік салығы енгізіле бастады. Атты не арбалы қазақтардан жарты жылда бір рет 6-дан 15 рубльге дейін алым төлеу талап етілді», – дейді әлеуметтанушы, сарапшы ғалым Анна Шукаева. Ол кезде қазақ даласында басты көлік құралы ат болатын. Алайда Бүкілодақтық орталық атқарушы комитетінің 1924 жылғы «Болыстың бюджеті туралы» қаулысында «табыс көздері» бөлімінде автокөлік құралдарының салығы көрсетілген. Большевиктер АҚШ-та сол тұста жеке көлік жаппай танымал болғанын назарға алса керек. Дегенмен коммунистердің кейінгі ұрпақтары оны өзінше түсінгенге ұқсайды. Жеңіл көліктердің КСРО-да кең таралмағанын ескеріп, 1942 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы «Жергілікті салықтар мен алымдар туралы» арнайы Жарлық қабылдады. Оған сәйкес, тіпті қолында мотоциклі, велосипеді, қайығы, кемесі, паромы, сондай-ақ жұмысқа жегілген аты бар адамдардың бәрі КС төлеуге міндеттелді. 1981 жылы салық төлеуден велосипедшілер және ат иелері босатылды. Осы жылдан бері кеңес республикаларында көлік салығының көлемі тек машина қозғалтқышының қуатына байланыстырылды. 1988 жылдың наурызында КСРО Жоғарғы Кеңесі осы салықтың жаңа ставкасын бекітті: «темір тұлпар» иелері жыл сайын «одақ бюджетіне автокөлігі құралының 1 ат күші үшін 50 тиыннан КС төлеп тұруға» міндетті болды. Тәуелсіз Қазақстанда да КС мөлшері көлік қозғалтқышының қуатына қарай түрленеді.
Қазақстан азаттыққа қол жеткізген тұста осы салықты мұраға алып, ары қарай жинауға кірісті. Енді одан бас тарту ұсынылып отыр. Белгілі кәсіпкер, қаржыгер, көлік иесі Ұлан Қамшыбаев Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевке жазған хатында көлік салығын жоюды ұсынды. Себебі салада әділетсіздік, айла-шарғы көп. Біріншіден, неге екені белгісіз, барлық меморган, қаптаған мемлекеттік мекемелер, бюджеттік ұйымдар, мектептер бұл салықты төлемейді. Екіншіден, Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілгендер, Халық қаһармандары, Социалистік және Қазақстанның Еңбек еpлері, «Отан» орденімен және үш дәрежелі даңқ орденімен марапатталғандар, көпбалалы аналар бұл салықтан босатылған. Нәтижесінде, елімізде көптеген қария, барлық дерлік ардагер бір-бір джиптің иегері болып шыға келді. Әрине, аты ғана соныкі. Шынында, баласы не туған-туысы салықтан жалтару үшін ардагердің атына тіркейтіні жасырын емес. Үшіншіден, бастамашылардың түсіндіруінше, көлік құралдарын эксплуатациялау режимі әртүрлі. Мысалы, үй шаруасындағы ана көлігін балаларды мектепке, балабақшаға апарып-әкелу, сонымен бірге дүкенге, емханаға және басқасына бару үшін пайдаланады. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген таксист қала ішінде не қалалар арасында тәулігіне орташа алғанда 300 шақырым жүруі мүмкін. Екеуіне де бірдей көлік салығы есептелінеді. Оның қасында бензин құрамына қосылған акциз әлдеқайда әділетті: кім көлігімен ұзақ жүрсе, сол сұйық отынды көп тұтынады. Ендеше көбірек акциз алымын төлейді.
– 2019 жылы бюджетке көлік салығынан жалпы жиынтығында шамамен 39 миллиард теңге түсті. Қазақстанда көлік құралдарының жалпы саны 4 миллион бірлікке жуық. Оларға салық салудың тиімділігі төмен. Өйткені азаматтарымыздың жауапкершілігі нашарлау. Сондықтан көлік салығына реформа жүргізуді ұсынамын: жеке салық түрінде жойып, оны отын құнына қоса салу керек, – деді Ұ.Қамшыбаев.
Ұлан Қайратұлы мұның дамыған елдер тәжірибесі екенін алға тартады. Оларда негізінен, көлік салығы деген жеке салық түрі жоқ.
#көлік #салық #қазақстан #экономика