«Осы жылдың шілде айында еліміздегі автокөлік нарығы сенімді түрде өсімін жалғастырды. Бұған ең алдымен дилерлердің үздік брендтерді елге әкелуі себеп болып отыр. Шілдеде жаңа автокөліктердің сатылымы өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға өсті. Қазақстандық дилерлер өткен айда 6 183 жеңіл автокөлік және жеңіл коммерциялық техника, 854 дана ауыр жүк көлігін, техника мен автобусты сатып үлгерді. 2019 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша отандық нарық өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға – 39 115 сатылған автокөлікке артты», - делінген қауымдастықтың хабарламасында. Шілдеде сатылған жеңіл автокөліктердің көшін Toyota (1 425 автокөлік, өткен айдан қарағанда 16 пайызға артық) маркасы бастап тұр. Ал жеті айдың ішінде аталмыш марка бойынша 8 066 дана көлік (өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 19 пайызға артық) сатылған. Екінші орынды сатылған 1 417 көлігімен Lada жалғастырды. Жеті айда Lada маркалы 8 758 дана көлік сатылған (+23%). Hyundai дилерлері де қарқынын бәсеңдетпей шілдеде 1 384 автокөлік (+2%) сатып үлгерген көрінеді. Ал жыл басынан бері қазақстандықтар аталмыш маркалы 7 394 (+81%) көлік сатып алған. Одан кейінгі орындарға Ravon (325 көлік, +50%), Kia (245 көлік, +33%), Renault (244 көлік, (+12%), Nissan (192, -23%), Skoda (168, +121%), Lexus (139, +2% ) және Jac (126, +29%) маркалары жайғасқан. Ал модельдер бойынша шілде айында ең көп сатылған көліктердің тізімі мынадай: Toyota Camry – 622, Lada Granta - 433, Lada Vesta – 423, Hyundai Tucson – 411, Hyundai Elantra - 341, Lada 4x4 - 323), Ravon Nexia R3 - 315, Hyundai Creta – 266, Hyundai Accent – 259, Toyota Corolla - 240.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz/kazakstandyktar-tandagan-kolikterdin-ondygy-kanday_a3556513