"Биылғы маусым айында Душанбеде Катар Әмірімен кездестім. Сол кезде біз екі мемлекет арасында дәнекер болатын нақты іс-қимылдарды күшейту жөнінде уағдаластық. Мен оны Қазақстан астанасына ресми сапармен келуге шақырдым. Осыған байланысты сіздердің сапарларыңыздың біз үшін маңызы аса зор деп ойлаймын", - деді Мемлекет басшысы.
Катар Орталық банкінің төрағасы Абдалла Әл Тани өз елінің басшылығының Президентке, Үкіметке және Қазақстан халқына жолдаған сәлемін жеткізді.
"Екі ел арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын білесіздер. Біздің сапарымыз осы үрдіске қолдау көрсету болып саналады. Елдеріміздің қаржылық құрылымдары арасында терең әрі тығыз байланыстар орнаған. Біз бір-бірімізбен банк, қаржы және инвестиция бағыттары бойынша ықпалдастық жасап келеміз. Кеше "Астана" халықаралық қаржы орталығының базасында Катардағы ірі банктердің бірінің филиалын ашу жөнінде уағдаластық", - деді Катар қаржыгері.