"Бензин литріне 10 теңгеге қымбаттайды деп болжанып отыр. Бұл шамамен 6 пайыз. Инфляцияға елеулі әсер етпеуі керек, алайда бағаның өсуі тұрақты күн тәртібінде тұр, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне бағаны ұстап тұру үшін барлық шараны қолдану қажет", - деді Смайылов журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.
Бұған дейін ол бензинге акциздің артуы қандай факторларға байланысты екенін түсіндірген.
"Бізде келесі жылы әлеуметтік сала шығындары өседі. Республикалық бюджет жобасында осы салаға 6 триллион теңге қарастырылған, биыл 5,3 триллион теңге болған. Педагог мәртебесін арттыру туралы заң қабылданып жатыр, төрт жыл ішінде екі рет мұғалімдердің, балабақшалардың, колледждердің тәрбиешілерінің жалақысын көтеру жоспарланды. Келесі жылы бұл көрсеткіш 25 пайызға жетеді. Барлығы қосымша ақша талап етеді. Бұл ретте біз микро және шағын бизнес субъектілерін табыс салығынан үш жылға босату есебінен кіріс бөлігін қысқарттық. Сондықтан да бұл - акциздің қайнар көзі, бірақ бұл басты қайнар көзі емес", - деп түсіндірді Смайылов Үкімет отырысында. Ол басты қайнар көз деп кедендік және салықтық әкімшілендіруді атады.