Облыстағы жағдайы нашар жолдардың бірі Ақтөбе мен Қандыағаш қалаларын байланыстырады. Республикалық маңызға ие болса да, қолданысқан берілген 50 жылда ешқашан күрделі жөндеу көрмеген. Шұрық-тесігі көбейген күре жолдан көлік иелері мен жолаушылар алаңдап өтуге мәжбүр.
"Жол мүлде жоқ. Тек белгілер ғана тұр. Жол апаттары жиі болып тұрады. Мен айына 20 рет қатынаймын", - дейді көлік жүргізушісі Әлімжан Түгелбаев.
Бұл жолды қайта жаңғыртудан өткізудің жобасы дайын. Қажетті қаржыны Азия даму банкінен алу көзделген. Жүз шақырымды жөндеу үшін шамамен 77 млрд теңге жұмсалмақ. Нәтижесінде, тас жол төрт жолаққа дейін кеңейтіліп, жарық шамдары орнатылады. Бұдан бөлек, ауыл-аймақтарды да қамту жоспарланған.
Көлік иелері үшін Ембі-Шалқар-Ырғыз бағытындағы жолмен де жүру оңайға соқпай тұр. Байғанин ауданына да қатынау қиындап барады. Ал жалпы ұзындығы екі мың шақырымға жуықтайтын өңірдегі республикалық маңызға ие жолдардың биыл тек 214-ін жөндеу жоспарланған.
Аймақтағы жолдардың сапасын жылжымалы зертхана мамандары үнемі тексеріп тұрады. Тиісті стандартқа сәйкестігін басты назарға алады. Алайда, жыл басынан бері республикалық және жергілікті маңыздағы жолдарда жүргізілген жұмыс барысында, 26 кемшілік анықталды.