Нұр-сұлтан қаласы әкімдігінің отырысында Мемлекет басшысының Шетелдік инвесторлар кеңесі отырысының қорытындысы бойынша тапсырмаларын орындау мақсатында инвестиция тарту бойынша жұмысты ұйымдастыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы инвестицияларды тарту бойынша бірқатар мәселелерді анықтап, оларды шешу жолдарын көрсетті.
Бақыт Сұлтанов қолайлы бизнес-ортаны қамтамасыз ету және салықтық және кедендік салада дауларды сотқа дейінгі реттеу механизмін қолдану қажеттілігін атап өтті. Ол сот практикасына қоғамдық мониторинг жүргізу механизмін әзірлеуді және мониторинг тобын құруды тапсырды. Бұдан басқа, отандық инвесторлар Халықаралық қаржы орталығы юрисдикциясында дауларды шешу құқығына ие болды, осыған байланысты АХҚО-мен ынтымақтастықты жандандыру қажеттігі айтылды.
Қала әкімі Бақыт Сұлтанов Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін қалалық басқармаларға келесі басым бағыттар мен міндеттер қойды:
- кәсіпкерлердің бизнесті жүргізуді реттейтін жаңа нормалармен кеңінен танысуларын қамтамасыз ету;
- бақылау және қадағалау органдарының есеп беру күнін іскерлік қоғамдастыққа Бірыңғай күн өткізу тәжірибесін енгізу қажет.
Осы норманы i-Qala ашық диалог алаңы ретінде құрып, заңнамадағы жаңалықтарды, мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау жұмыстарының мемлекеттік басымдықтарын түсіндіріп, кері байланыс қалыптастыруға болады:
- қоғамдық бастамада Нұр-Сұлтан қаласындағы кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл институтын құру. Бұл институт i-Qala-да (МТО) орналасады;
- елордада бизнес жүргізудің ұлттық көрсеткіштің төмендеуіне жол бермеу; Әкім сондай-ақ Қалалық экономикадағы ШОБ (Шағын орта бизнес) үлесін одан әрі ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды;
- мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік ұйымдарға қарасты сектордың сатып алуларында жергілікті қамтудың үлесін ұлғайту бойынша Жол картасын әзірлеу;
- Отандық бизнестің реттелетін сатып алуларға қатысуын ұлғайту бойынша KPI көрсеткіштерін енгізу. Бұл аудан әкімдерінің, мемлекеттік орган және бағынысты ұйым басшыларының жұмысының рейтингілеуде басты критерий болады;
- отандық кәсіпкерлердің сауда желілеріне қолжетімділігін қамтамасыз етуде «Атамекен» ҰКП және салалық қауымдастықтармен бірлесе отырып, тауар өндірушілермен олардың өнімдерін тарату желілерінің талаптарына сәйкестігі бойынша жұмыстарды пысықтау;
- инфрақұрылым, энергетика, өнеркəсіп жəне агроөнеркəсіптік кешен секілді.
Әкімнің айтуынша, елордада 2025 жылға дейін жұмыс орындарын құру үшін Карта жасалады.
2019 жылдың басынан бастап, жұмыс іздесу мәселесімен елорданың жұмыспен қамту орталығына 7 371 азамат жүгінді. 2 769 адам әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылды, оның ішінде 2 628 адам жұмысқа орналасты. 694 адам толық уақытты жұмысқа, 390 жас астаналық жастар тәжірибесіне, 85 тұрғын әлеуметтік жұмысқа, 1 459 адам қоғамдық жұмыста жұмыс істейді.
141 адам электромонтаждаушы, тігінші, аспаз, кондитер, бағалаушы-сарапшы сияқты қысқа мерзімді кәсіптік оқуды бастады. Бұл үшін 913 адамды қамту мақсатында 110,4 млн. теңге бөлінді.
Астанадағы жұмыссыздық деңгейі 2019 жылдың бірінші тоқсанында 4,5% құрады.