USD 498.34
EUR 519.72
RUB 4.85
«Алыптың қуаты – халықта, халықтың қуаты – бірлікте!»
 
RSS лента

Биылғы жылдың өнімін дұрыстап жинап алу - АШМ

  • 18.августа.2021, 11:21,
  • 467

18 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев еліміздегі дәнді-дақылдардың жай күйі бойынша жүргізілген зерттеу нәтижесін жариялады.

Биыл 23-тамызда шөпті елден шығаруға уақытша тыйым салуды енгізу туралы шешім күшіне енеді, 1-қыркүйектен бастап жем-шөп экспортын квоталау енгізіледі.


"Мал қыстан ойдағыдай шығу үшін облыс әкімдіктерімен бірлесіп жем-шөп дайындау жоспарлары белгіленді. Шөп дайындау жоспары қорларды қосқанда 23,7 млн. тоннаны құрайды. Іс жүзінде 19,7 млн тонна шөп немесе 83% дайындалды. Ұйымдастырылған шаруашылықтар 989 мың тонна пішен әзірледі, бұл жоспардың 62%-ын құрайды. Сүрлем дайындау басталды, жоспар 2 млн тоннадан асады. 4,8 млн тонна сабан және 6 млн тонна құнарлы жем дайындау жоспары айқындалды. 15-қазанға дейін шөп дайындау жұмыстары аяқталады деп күтілуде", - деді ол.


Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы егін жинау науқанына егжей-тегжейлі тоқталды.


"Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 23 млн гектарды құрады (2020 жылмен салыстырғанда 322 мың гектарға артық). Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 15,9 млн га (оның ішінде бидай – 12,9 млн. га), майлы дақылдар – 3,1 млн га, көкөніс – бақша дақылдары мен картоп – 473,8 мың га, мақта – 109,7 мың га, қант қызылшасы – 21,7 мың га, жем-шөп дақылдары-3,2 млн гектарға егілген. Егіс науқаны оңтайлы мерзімде жүргізілді және сапалы тұқымдар егілді. Фермерлер уақытында тыңайтқыш сеуіп, арамшөп пен түрлі өсімдік ауруларына қарсы егіс алқаптарына химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілгенін айта кету керек", - деді ведомство басшысы.


Оның айтуынша, биыл топырақтағы және атмосферадағы қуаңшылықтың салдарынан дәнді дақылдар егілген алқаптардың жағдайы едәуір нашарлады және бұл тек Қазақстанда ғана емес. Егіс алқаптарындағы жағдайдың нашарлау үрдісі әлемнің көптеген астық егуші елдеріне әсер етті.


"Канадада өткен жылмен салыстырғанда бидайдың жалпы түсімі 31,6%-ға төмендейді деп күтілуде. Америка Құрама Штаттарында бидай түсімі өткен жылмен салыстырғанда 4,4%-ға төмендейді деп болжануда. Сондай-ақ көршілес Ресей Федерациясында бидайдың жалпы түсімі 15%ға төмендейді деп болжануда", - деп атап өтті Қарашөкеев.


Құрғақшылықтың салдарын зерттеу үшін арнайы жұмыс топтары құрылды, олар астық егетін аймақтардың барлық аудандарын зерттеді. Биыл 12-тамыздағы қолда бар деректер бойынша дәнді дақылдардың жай-күйі былай:


- Жақсы және қанағаттанарлық – 13 241,1 мың га немесе дәнді дақылдардың жалпы егіс алаңының 85,2%-ы;

- Нашар – 2 122,3 мың га немесе 13,7%;

- Жарамсыз – 178,3 мың га немесе 1,1%.


Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша астықтың жалпы түсімінің болжамды көлемі 15,3 млн тонна деңгейінде күтілуде. Республикада 3,5 млн тонна көлемінде өткен жылдан қалған астық бар, оның 2,8 млн тоннасы бидай.


"Өткен жылдан қалғанды қоса есептегенде, биыл жиналатын астық көлемі республиканың ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етеді, сондай-ақ астықтың белгілі бір көлемін экспортқа шығаруға да жетеді»", - деді министрдің міндетін атқарушы.


Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Азық-түлік корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды, соның арқасында астық жеткізуге 769,5 мың тонна көлемінде келісімшарт жасалды, резервтік қор 448 мың тоннаны құрайды. Бұл астық көлемі қажет болған жағдайда тұрақтандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі нарыққа жіберілетін болады.

Бүгінгі күні республика бойынша барлығы 1,5 миллион гектарға жуық дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар немесе көрсетілген облыстардағы жалпы егін жинау алаңының 9,9%-ы жиналды (өткен жылы, дәл осы күнге 1,6 миллион гектар немесе 11% жиналған болатын).


Орташа түсімділік гектарына 10,0 центнер құрап, 1,5 млн. тонна астық бастырылды (өткен жылы орташа түсімділік гектарына 14,9 центнер болып, 2,4 млн. тонна немесе 37,5%-ға артық бастырылды).


Негізгі астық егетін аймақтар осы айдың үшінші онкүндігінен бастап жаппай егін жинауға кіріседі.


Егін жинау науқанын іске асыруға республикадағы 141,7 мың трактор, 73,5 мың трактор тіркемесі, 36,9 мың астық жинайтын комбайн, 12,8 мың орақ жұмылдырылады.


Егін жинау науқыны үздіксіз жүру үшін фермерлер жөндеу бригадаларын ұйымдастырды, 396,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.


"Энергетика министрлігімен бірлесіп, облыс операторларын мұнай өңдеу зауытына бекіту кестесі жасалды. Шілде айына бөлінген отын аймақтарға толық жеткізілді. Қазіргі уақытта тамыз айына арналған дизель отыны жөнелтілуде", - деді ведомство басшысы.


Министрлік жаңа өнімді қабылдайтын элеваторларды дайындауға тұрақты мониторинг жүргізуде. Республикада астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 27,5 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындары 12,0 млн тоннаны, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 15,5 млн. тонна астықты сақтай алады.


Көрсетілген сақтау сыйымдылығы өткен жылдан қалған астық пен биылғы болжанып отырған астық көлемін сақтауға жеткілікті.

Қазір бірінші кезектегі міндет – биылғы өнімді шашау шығармай шығынсыз жинап алу. Қазгидрометтің болжамына сәйкес, күзде республиканың басым бөлігінде жауын-шашын қалыпты деңгейде болады. Ал, солтүстік-шығыста нормадан артық жауады, деп күтілуде.


"Осыған байланысты, әрбір жақсы күнді барынша тиімді пайдалану керек. Егін жинау техникасының екі ауысымдық жұмысын ұйымдастыру қажет. Жұмыстың тоқтап қалуына жол бермеген абзал. Осының бәрін ескере келе, өнімділікті арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажет", - деді Ербол Қарашөкеев.

скачать dle 12.0
Тағы да оқыңыздар:
02.07.2021
30.06.2021
07.10.2020
24.08.2020
09.12.2019
ПІКІР
02 қантар11:40,
Әлем / Видео
Мысырда бұршақ пен қар жауды   Видео
«    Қараша 2024    »
ДсСССрБсЖмСнЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930