7 қаңтарда шамамен 2 мың адам Пәкістанның медицина комиссиясы ғимаратының алдына жиналды. Бір күн бұрын полиция оларды су шашып, резеңке таяқ қолданып таратқан. Ал наразылар бұған жауап ретінде тас лақтырып, қарсылық көрсеткен. Бірер кісі ұсталып, кейіннен босатылған.
Бұған дейін Пәкістан билігі Қырғызстанның барлық-дерлік медициналық оқу орындарын "қара тізімге" енгізген еді. Оған пәкістандық түлектердің 90 пайызының өз елдерінде міндетті медициналық емтиханнан өте алмауы себеп болған. Билік олардың дипломдарын жарамсыз деп таныған. "Қара тізімде" Өзбекстанның 6 жоғары оқу орны да бар.
Ал Қырғызстан білім және ғылым министрлігі өкілдері бұдан былай жоғары оқу орындарына талапты күшейтуге уәде берген. Атап айтқанда, оқу орындарының халықаралық аккредитациядан өтуін қадағалап, шетелдіктерге қызмет көрсету сапасын жақсартуын, оқу орындарының базасын жетілдіруін мұқият бақылайтынын айтқан.
Қараша айында Пәкістан медицина комиссиясы Қырғызстанның төрт медициналық оқу орнын - И.Ахунбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік медициналық академиясын, Ош мемлекеттік университетін, Қырғыз-Ресей славян университетін және халықаралық медицина жоғары мектебін "қара тізімнен" алып тастаған. Әзірге Қырғызстанның 12 медициналық оқу орны "қара тізімде" тұр.
#пәкістан #медицинауниверситеті #дәрігерлер #студенттер