Қырғызстан МШҚ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Тәжікстан әскері бірінші болып Бәткен облысының шекара ауылында оқ атты. Бұл туралы Sputnik Қырғызстан хабарлады.
"Қақтығысқа Тәжікстан азаматтарының мемлекеттік шекараның белгіленбеген аймағында құрылысты бастағаны себеп болды. Қырғызстан азаматы да жауап ретінде сол аймақтағы үй айналасына дуал салды. 19:30 шамасында тәжік әскері агрессивті түрде қырғыздан құрылысты тоқтатуды талап етті. Сөз дауы ақырында атысқа айналды", - түсіндірді МШҚ өкілдері.
Тәжікстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің шекара әскері баспасөз қызметі де болған жайт туралы айтты.
"Ауыл тұрғындары Қырғызстан азаматтарының заңсыз іс-әрекетіне наразы болды. Құрылысты тоқтатуды талап етті", - делінген хабарламада.
Құжатта қырғыз азаматтары текетірес аймақтарда шекараны межелейтін екіжақты келісімге қайшы жүрді делінген. Оқиға орнына 250-300 адамнан құрылған әскери күшті жұмылдырды деседі.
"19:00 шамасында олар арандатушылыққа барып, қарусыз болған Бахор ауыл тұрғындарына оқ атты. Атыс салдарынан бірнеше Тәжікстан азаматтарына оқ тиген", - деді ведомство.
"Настоящее время" баспасы Тәжікстаннның 12 әскери қызметкері жарақаттанғанын хабарлайды.
24.kg мәлімдеуінше, қақтығыс салдарынан Қырғызстанның сегіз азаматтары зардап шекті, олардың ішінде жас бала бара. Қырғызстан Премьер-министрі Тәжікстанмен шекаралас аймақ күзетін күшейтуді тапсырды.
Куәгерлер Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы шекарасы белгіленбеген аймағындағы тұрғындар өз үйлерінен көшіп жатыр деседі.
Екі ел шекарасында бұндай қақтығыс таңсық емес. Осыдан бұрын, қақтығыс салдарынан бір тұрғын қаза тауып, жетеуі жараланды.