Германия полициясы Солтүстік Рейн-Вестфалия федералдық жерінде орналасқан Золинген қаласында бес баланың өліміне қатысты қылмысты тергеп жатыр. Балаларын өлтірді деген күдікке олардың анасы ілінді.Полицияға балалардың әжесі хабарласқан соң, тәртіп сақшылары аталған үйді тексеруге келген. «Балалардың 27 жастағы анасы Дюссельдорфта пойыздың астына түспек болып, жарақат алған. Қазіргі кезде ол ауруханада жатыр, біз болған оқиғаға байланысты одан жауап аламыз», - деді Полицияның ресми өкілі Штефан Вайенд. «Әйелмен бірге оның алтыншы баласы, 11 жасар ұл болған. Абырой болғанда, ол аман», - деп нақтылады Солтүстік Рейн-Вестфалия ІІМ басшысы Херберт Ройль. Оқиғаның мән-жайы туралы ештеңе белгісіз, қосымша ақпарат әзірге хабарланбай отыр. Күдікті әйелді полиция күзетіп жатыр. Балалар өліміне не себеп болғаны да белгісіз. Бұл қылмысты ашуға 40-қа жуық полиция қызметкері жұмылдырылған.
#бала #өлім #күдікті #германия #дюссельдорфта