Жиын барысында қазақ күресінің өркендеуі, ондағы өзгерістер мәселелесі көтерілді. Федерация спорттық-техникалық комитетінің төрағасы Ж.Қоныспаев қазақ күресінің өркендеуі жолындағы олимпиадалық бағытта жасалынатын жұмыстар легін ұсынды.
Оның айтуынша бүгінде қазақ күресін олимпиадалық ойындар қатарына енгізу үшін бірқатар жұмыстар атқару қажет. Осы орайда, Федерация ғылыми-әдістемелік комитетінің төрағасы Е.Мырзабосынов қазақ күресіндегі өзгерістерді ғылыми-кешендік жұмыс тобын құруды (терминдерді қалыптастыру, дайындық әдістеме жұмыстарын жүргізу), қазақ күресін мектеп бағдарламасына енгізу бағытында ұсыныстарын білдірді. Сонымен қатар, Е.Мырзабосынов қазақ күресінің ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігін айтты.
Бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Халықаралық "Qazaq kuresi" федерациясының президенті Қанат Бозымбаев "ұлттық спортымыздың олимпиадалық ойындар қатарынан табылуына бар күш-жігерімізді саламыз" деген болатын. Оның пікірінше, Халықаралық Федерацияның құрылғанына аз болса да, осы уақыт аралығында ауқымды шаралар мен нәтижелі жұмыстар атқарылды. Федерация құрамына Еуропа мен Азия елдерінің 28 ұлттық федерациясы кіреді.