1992 жылы бас келісім жасалғанда, 1994 жылы оған өзгерістер енгізілгенде жемқорлық оқиғалары тіркелуіне байланысты бұрынғы президент Асқар Ақаев, экс-премьер-министрлер Турсунбек Чынгышев пен Апас Жумагулов, сонымен бірге "Қырғызалтын" мемлекеттік концернінің бұрынғы басшысы Дастан Сарыгулов істі болды. Экономикалық даму жөніндегі комитеттің бұрынғы төрағасы Борис Бирштейнге іздеу жарияланды.
Сонымен бірге, арнайы қызмет 2009 жылы "Құмтөр" жобасына қатысты "Центерра" компаниясымен келісім жасау барысында "елдің жоғары лауазым өкілдері республика мүддесі мен экологиясына көз жұма қарап, аталған компанияға әдейі шектеусіз мүмкіндік бергенін анықтады".
Соған байланысты экс-премьер-министр Игорь Чудинов пен "Қырғызалтын" компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Алмазбек Жакыпов, Жер қойнауын пайдалану жөніндегі агенттіктің бұрынғы директоры Капар Курманалиев, директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Алексей Елисеев, инвестор өкіліАндрей Сазанов істі болды. Бұрынғы президент Құрманбек Бакиев пен оның ұлы Максим Бакиевке іздеу жарияланды.
Бұған қоса, "Центерра" компаниясымен 2012-2014 жылы жасалған келісімдерде де мемлекет мүддесі сақталмағаны анықталған. Соған байланысты бұрынғы премьер-министр Омурбек Бабанов, бірінші вице-премьер-министр Тайырбек Сарпашев, парламент депутаттары Асылбек Жээнбеков, Талантбек Узакбаев, Алмазбек Баатырбеков, Исхак Пирматов, сонымен бірге президент пен үкіметтің парламенттегі бұрынғы өкілдері Данияр Нарынбаев пен Динара Молдошева жауапқа қартылды.
Арнайы қызмет республиканың Бас прокуратурасымен бірге "Құмтөр" жобасы жөнінде канадалық инвесторлармен жасалған келісімдерді бұзу процесін бастады.
Еске салайық, Құмтөр Қырғызстандағы ең ірі алтын кені. Оны осы уақытқа дейін канадалық "Центерра" компаниясы игеріп келді. Мемлекеттің кенде 26 пайыз үлесі бар.