"Ақаев бүгін Бішкектен Мәскеуге ұшып кетті. Тергеу органдары қажет деп тапса, қайта келуі мүмкін", - деді Жанұзақов "Интерфакс" агенттігіне.
Оның сөзінше, Ақаевтан "Құмтөр" кен орны бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында жауап алынған.
"Оған ешқандай айып тағылған жоқ", - деді Жанұзақов.
Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев Бішкекке 2 тамыз күні келген. Бұл – 2005 жылғы төңкеріс кезінде елден қашқан Ақаевтың өз еліне 16 жылда алғаш рет келуі. Әуежайдан түскен бойда оны Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті тергеуге әкетіп, санаулы сағаттан соң босатқан.
Кетерінің алдында Ақаев қырғыз халқынан кешірім сұрап, "Құмтөр" кенін игерген канадалық компания мен өз үкіметінің жетегінде кетіп, Қырғызстанды аса қажет салық пен дивидендтен айырғанын мойындады.
Экс-президент еліне оралмас бұрын ҰҚМК оның "Құмтөр" ісі бойынша жауапқа тартылатынын мәлімдеген. Мекеме оны 1992 жылы "Құмтөр" жобасы бойынша келісімшартқа қол қойғанда жемқорлыққа жол берді деп айыптаған.
"Құмтөр" – алтын өндіру бойынша Орталық Азиядағы ең ірі кен орны. Елдің солтүстігіндегі Ыстық-Көл облысында, Қытай шекарасынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан. Кен орнын Centerra Gold Inc. канадалық компаниясының "Кумтор Голд Компани" еншілес фирмасы игерген.
Centerra Gold Inc. компаниясының Солтүстік Америкада, Азияда және өзге жерлерде активтері бар. Ең ірі активтері "Құмтөр" мен Канададағы Mount Milligan кеніші саналады. Компанияның штаб-пәтері Торонтода орналасқан. Қырғызстан мемлекеттік "Қырғызалтын" компаниясы арқылы Centerra Gold Inc. акциясының 26 пайызына иелік етеді.