Әр адам өз дәуірінің перзетті. Сондықтан да оның бітім-болмысы, өмірге деген көзқарасы қоғамдық қатынастармен терең тамырласып, тығыз байланысып жатады. Автор адам бойындағы жағымсыз қасиеттерді даралап, бөліп алып аңыздық желілер арқылы жеткізеді. Повестегі баяндалар «Тоқылдақ кемпір» туралы аңыз халықтық ұғым «біреудің ала жібін аттама» деген этикалық әдептерін танытып тұр. Біреуге қаншама жақсылық істесең, ертең сол алдыңнан жақсылық болып шығады. Ал, жаманшылықтың дәні онсыз да жетеді. Автор айтпақ адамгершілік туралы ойын осындай адамдар туғызған аңыздың астарымен суреттейді. Замандас тұлғасы дегенде қаламгер қатар жүрген адамдарға ғана тоқталмайды. Аңыз-мифтерді повестке арқау ете отырып, жаңа зерделі концепциялар туғызады. О. Бөкей халықта бар аңызды жай ғана баяндап қана қоймай, соның негізгі айтар идеясын түрлендіріп, көріктендіріп өзіндік мифтік шығармашылыққа жол салады. Жаманнан жиренту үшін, жақсылықтың жолы қашанда ауыр екендігін үздіксіз күрес арқылы жеткізеді. Повестегі Аспан образы қаншама қиындықтарға тап болса да, тағдыр тәлкегінің асау бұралаңдарын жеңіп шыққан кейіпкер.
Шығармада жоғарыда айтқан Жақсылық әлемінің көрінісі, үлгісі Аспан бейнесі арқылы берілсе, Жамандық дүниесі – Жаңғырық, Айқай, Анау. Осы жерде мынадай бір ой келеді. Жақсылықтың (адалдық, әділдік, шындық) қашанда беті ашық, жүзі жарқын, еңсесі биік, оны ешкім де, ешнәрсе де көлегейлеп өшіре алмайды. Сондықтан да ол повесте нақты адам – Аспан бейнесінде көрініп отыр. Ал Жамандықтың (зұлымдық, қараниеттік, арамдақ, мансапқорлық) жүзіқара, алпыс айлалы. Ол көбіне қылмысты жасырын айлатәсілмен істейді. Үстіне ешкім танымастай қара шапан жауып келіп, Жақсылықты арттан шалуға тырысады. Оның нақты кім екенін кейде түстеп тани да алмайсың. Мына шығармада оның – Жаңғырық, Айқай, Анауболып көрінуі де сондықтан. Бұл жерде ол үшеуі кім, нақты адам бейнесі қайда деп тәппіштеп жату мүлде артық. Ал, осы Жақсылық пен Жамандықтың мәңгілік күресінде Жақсылық Жамандықты қаншама қара түнектің ішінде болса да аймандай қып әшкерелеп келеді. Жамандықтың Жақсылықтан өлердей қорқатыны да, өш болатыны да сондықтан. Жамандық өлермен, айла-тәсілмен ол да күреске шығады. Бірақ Жамандық Жақсылықпен бетпе-бет келіп шайқасуға қашанда тайсақтай береді. Сол себептен де ол көбіне жүзін жасырып, айла-амалға көшеді. Қылшылдаған жігіт шағында, анығырақ айтсақ, орда бұзар отыз жасында қар көшкінінің астында қалып, екі аяғынан айырылған Аспан шырылдаған шындықтың символы.
Ия, осынау ұлы өмірде «Сайтан көпірге» итермелейтін сайтан адамдар да көп. Әлемді бүлдіріп, былғайтындар да солар. Ал егер осы өмірде Аспан, Аман, Ерік сияқты ақ ниетті, із гі жүректі адамдар болмаса, жер беті АЙҚАЙҒА айналар еді-ау, деген ойға тірелеміз біз де. Сонымен «Сайтан көпір» автордың тынымсыз ізденісін, философиялық үлкен ой айтуға бет алған творчестволық бағытын айқын танытатын айтулы туынды.
О. Бөкейдің «Сайтан көпір» повесінде көркем бейнелердің тылсымдық, сыршылдық ерекшеліктері табиғат көріністерімен реалистік тұрғыда жан-жақты ашыла түскен. Повесте әр адамның өмірде өтпей қоймайтын «Сайтан көпірі» болатынын, оны жеңіп шығу үшін алдымен өз «Менін» табу керектігін жазушы аңыз, мифтерді бүгінгі күннің өзекті адамгершілік, адалдық, адамдық мәселелерімен байланыстыра құбылтып, бейнелеп суреттейді.
Қоғамдағы құбылыстардың мән-маңызын, сыр-сипаттарын мифтің, аңыздың астарлы жұмбағымен терең талдап, адам мен заман пробемасын үлкен философиялық талғамға көтереді. «Сайтан көпір» повесі жазушының аңыз жасаушылық шеберлігінің үлкен бір қырын танытады.
Мифтік санаға жүгінер болсақ, өмірге айналып келу – рухтың ажалсыздығының айғағы. Ал сол мәңгі рух тек қана бір денеде тұрақтап қалмай, бірнеше қалыпта ғұмыр кеше алады. Ол «бұрынғы», «бүгінгі», «ертеңгі» ғұмыр түрінде жүйеленеді. Осы таным бейнелі жолдарға айналып, жазушының көркемдік-идеялық мақсатына қызмет етіп тұр. Жазушы бірде адам өлген соң оның жаны құсқа айналып кетеді десе, бірде оны бала бейнесінде береді. Әсіресе, О. Бөкейдің «Сайтан көпір» повесіндегі сайтан көпірден өте алмай тығырыққа тірелген Аманға күш-жігер беретін бала Аман бейнесін Аманның рухы, жаны деп қарауғы болады. Үлкен Аманды әнмен оятып Айқайды жеңуге шақырады. Адам өз бойындағы үрейін жеңгенде ғана алдына қойған мақсатына жетеді. Міне осы жерде жоғарыда айтылып кеткен адам жанының мәңгіліктігі, «тірілер әлемінен» «өлілер әлеміне» өту құбылушылығы деп қарастыратын мәселе көтеріледі.
«Мұңлы жанарын қаумалаған кірпіктерін қақпастан қалшиып тұрған БАЛА бұдан ширек ғасыр бұрынғы ӨЗІ екенін енді шырамыта бастаған Аманның тұла бойынан суық тер шыпшып шығып, дірілдеген саусақтарын тарбайтып соза берді.
- Сен екенсің ғой, Аман. Қайдан жүрсің?
Бұл жерге қалай келдің?
- Мен өмір бақи сіздің жаныңыздамын, тек байқай бермедіңіз.
- Оған мұрша болды ма, айналайын. Ерте есейдік те, балалық шағымызды ерте жоғалттық.
- Көріп тұрсыз, жоғалмаған екенмін.
- Мен сені, Аман, қатты айқайдан шошып, талып құлағанымда көрген едім. Көз алдымда ұлыған ал қара дүниенің ар жағынан шықтың да, мені қол бұлғап шақырдың.
- Мен әрқашанда сіздің жан дүниеңізде өмір сүріп жүрмін. Жүзжасасаңыз да бір елі қалмақ та, қартаймақ та емеспін. Мен сізбен бірге тудым, бірге жасаймын. Сіз – Үлкен Амансыз, мен – Кіші Аманмын. Айырмашылық осында ғана. Қуансаңыз қоса қуандым, қайғырсаңыз бірге ортақтастым. Кейде мені ұмытып кеткеніңізде осылайша сіздің де бала болғаныңызды есіңізге саламын. Түптің түбінде қартаярсыз, ажалыңыз жетіп өлерсіз, бірақ мен сонда да жасай беремін. Үлкен Аманмен мәңгілікке қоштасамында, жер бетіндегі азап атаулыны білмейтін арман қуған балалардың тобына қосыламын. Сіз білесіз бе, жер бетінде бірде бір адам өлмейді, олардың барлығы да балаға айналып, қайта жасайды, міне осылай ғұмыр жалғаса береді. Қазір қарға көміліп қатып қалсаңыз, мен бәрібір тірі жүремін».
Иә, автор адам қанша есейіп, ер жеткенімен оның жаны бала деген ойға негіздеп Аманды өз рухымен күреске салар алдында оның жанын бала бейнесінде беруді жөн көрсе керек.
Автор Аман ойы арқылы: «Мен көшкіннің астында қаламын. Мен ғана емес бүкіл әлемге топан су қаптайды. Табиғат ашу шақырады, ағайын! Біз, адамдар, жер бетінен тып-типыл жойыламыз да мұз басу дәуірі қайта орнайды.
Жаяу-жалпылы жүргендер мен бауырымен жорғалайтындар мәңгілікке ғайып болады, тек аспанда ұшып жүргенде мен жер астындағы аруақтар, тек солар ғана тірі қалады»,деген терең астарлы әлемдік мәселелерге барады. Автор мифтік дүниетанымды білдіретін үш әлемді астарлап суреттейді. Аспанға ұшатындар таза періштелер ғана, ал жер астындағылар аруақтар. Топан суына тұншығатын жер бетіндегі күнаһар адамдар дейді. Үш түрлі әлем: аспан, жер жер асты деген ұғым қазақ халқының мифтерінде де кездеседі. Оны қазақ халқының ауыз әдебиетін зерттеген мына ғалымдардың еңбектерінен кездестіреміз: Ш. Уалиханов, Ш. Ыбыраев, С. Сейфуллиннің және т.б.
О. Бөкей шығармашылығындағы мифолгизм мәселесін зерттеуші ғалым Аймұхамбетова Ж.Ә.
«О.Бөкеев прозасындағы мифологизм мәселесі» атты кандидаттық диссертациясында «Метафоралардың метаморфозадан түбірлі айырмашылығы болса да, белгілі дәрежеде бұл екі ұғым бір-бірімен сабақтастықта екенін естен шығаруға болмайды» дей келе, автометафоралар дың күрделеніп, тұрақталуы метаморфозаларды туындатады деген ой айтады. Дәл осындай автометафора «Сайтан көпір» повесінде де көрініс береді. «Біле-білсең сен менің өтіп кеткен дәурен, өліп қалған арманымсың, екі АЯҒЫМСЫҢ! Ал менменің АЯҒЫМ сіңірі босап, сүрінуді білмейтін жілікті болатын! – деген үзіндіден біз құбылуға жақын сарын, құбылудың алғашқы белгілерін көретіндей боламыз.
Белгілі бір мақсатты көздеп, басқа бір нәрсеге айналуды армандайтын мифтік құбылушылық түрлері кездеседі. Бірақ бұл толық құбылушылық емес, құбылушылыққа деген ынтызарлық. Міне дәл осы құбылушылыққа деген ынтызарлық жазушының «Сайтан көпір» повесінде айқын көрініс тапқан.
Шығармада Аспан аңға айналғысы келеді: «Аң ба, адам ба? Аң болса екен деп тіледі, – А, құдай, аң болса екен, бүйтіп ит қорлығын тартқанша, жеп тынса екен... Сөйтіп бұл өмірде сүйегім де қалмай, жым-жырт жоғаламын немесе сол мені жеген аңға айналып екінші ғұмыр бастаймын... Екеуміз тек осылай ғана өмір сүре аламыз. Адам аюға айналса дүниеде ешқандай айқай қорқыта алмас еді»
Повестегі Аспен бірде қанат бітіп құс болып ұшуды армандайды, бірде өзін жеген аңға айналып дүниедегі Айқай, Анаулармен күреске шыққысы келеді
Сонда осындай пәлеге ұшырайтындай қай жерде, кімге қиянат жасап алдым деп ойға батып, қиналады. Бір жолы жайлауда Аспан еліктің қозықасын ұстап алып, қолға үйретіп баққан. Бірде жылқышыларды аралап, ауыл бастыға Анау келеді итін ертіп. Қолға үйретілген қозықаны сол анаудың иті талап өлтіреді. Соған өзін кінәлі санап, бейкүнә жануардың обалына қалғанына өкініп: «Жақсылық жасаған түрім осы ма?.. Әттең, Алтайдағы елік жабылып келіп сүзіп, тепкілеп өлтірсе де обал жоқ маған, обал жоқ. Бүкіл әлемдегі жан-жануар жабылып, адамзатқа шабуыл жасаса ғой... Мен сонда сол аң құсқа қосылып, қарсы аттанар едім. Ең әуелі кімдердің жағасына жармасар едім сонда... АНАУЛАРДЫҢ» деп зығырданы қайнаған.
Немесе дәл осы тәсілге: «Мен түлкіге де, балыққа да айналғым келмейді, құс болып аспанға да ұшпаймын, ертекті еміп есеңгірегем де жоқ; қара жерге қада болып қағылған Адаммын! Азды дегеннің, тозды дегеннің жағына жылан жұмыртқаласын; кешегім – бүтін, болашағым – айқын, бізге барлығы жетеді, барлығы бар, бізге жалғыз-ақ нәрсе жетпейді, бізге адал дос, жақсы адамдар ғана жетпейді азайып барады. «Қызыл кітаптан» орын қалдырыңдар» – деген Ерік ойы арқылы келеді. Жазушы неге мұндай тәсілге барды. Көздеген мақсаты не деген сұрақтың тууы мүмкін. Бұған жауапты қаламгердің өзі береді. «Пенденің не ойлап тұрғанын, жан сарайында ненің жанып жатқанын күні бұрын білер амал-айла, құрал сайман ойлап табылған жоқ. Сол секілді табиғат иеміздің де толайым құпия-сырларын толық аша алдық па? Міне, мен жазған дүниелерлің тылсымдығы әрі кейіпкерлерімнің қиялшыл да арманшыл болып келері сондықтан. Бәлкім бұл өмірде болған емес, бірақ болуы мүмкін оқиғалардың әсіресе ынтықтырарынан шығар-ау. Өз замандастарымның толыққанды бейнесін өзімді қойып, мұқым қазақ әдебиеті жасап біткен жоқ, ұмтылыстар мен ізденістер соңында жүр» – деп жауабын береді.
Жазушының өзіндік даралық қолтаңбасын айқындап тұрған «Сайтан көпір» повесінде кездесетін метаморфозалардың да сюжет құруға әсері үлкен болмағанмен, идеялық тұрғыдан көтерер жүгінің саламақты екенін айта кеткен жөн. Көмескі ғана көрініс беретін метаморфозалар көбіне шығарма оқиғасынан емес, кейіпкерлер сөзінен көрінеді. Суреткер шығармаларының сөз құрамын шартты түрде үшке бөлуге болады: автор сөзі, кейіпкерлер сөзі және автор сөзімен кейіпкер сөзінің қосындысы, яғни, автор сөзінің кейіпкерлер ойындағы көрінісі. Міне, «Сайтан көпір» повесінде мифтік құбылушылықты да кейіпкер аузындағы сөзден табасыз. Автор өз кейіпкерлерінің аузына мәңгілік мәселерді салады. Демек, мифтік құбылушықтың бұл шығармадағы үлесі үлкен болмағанмен, автор идеясын беруде маңызының зор екенін байқаймыз.
Мифтік құбылушылық желісі О. Бөкей танымында адам атты жаратылыстың сыры мен құпиясын білуге ұмтылу, рух мәңгіліктігі мен жасампаздығын қуаттау, адамзат баласына тән сана мен сезім әлемін қастерлеу мақсатында көркемдік қызмет атқарған.
#сайтанкөпір #әдебиет #тарих #оралханбөкей #құпия