USD 498.34
EUR 519.72
RUB 4.85
«Алыптың қуаты – халықта, халықтың қуаты – бірлікте!»
 
RSS лента

Ата Заң - елдің тірегі

  • 30.августа.2020, 09:17,
  • 1 530

Бүгін Конституциямыздың 25 жылдығы аталып отыр. Оның ерекшеліктеріне және мәніне назар салып, көз жүгіртсек. Негізінен ежелде қабылданған "Жеті Жарғы" жөнінде де ұмытпауымыз қажет.

Конституция – мемлекеттің Негізгі заңы. Адам қоғамының заңсыз өмір сүре алмайтыны белгілі. Ал қоғамның барлық өмір аяларында болып жататын құбылыстардың бәрін заңмен басқару үшін қажетті нормативті актілердің саны қанша болуы керектігін ещкім де дәл тауып айта алмас еді. Дамыған демократиялы елдерде әрекет ететін заңдар мыңдап саналады. Сол заңдардың бәрінің бастау алар негізі – Конституция болып табылады.


Өркениетті қоғам конституциялық заңдылыққа бағына отырып дамиды. Мемлекет түрлері көп болса да, олардың конституцияда мемлекеттік құрылым түрлері (унитарлық, федерация немесе конфедерация), мемлекетті басқарудың (монархия әлде республика) формалары анықталады, мемлекеттің жоғары органдарының құрылымы, азаматтардың негізгі құқықтары, бостандықтары мен міндеттері көрсетіледі. Мемлекет пен қоғамның Негізгі заңы ретінде Конституция бүкіл заң шығару ісінің қайнар көзі болып табылады. Өзге нормативтік актілердің бәрі Конституцияның ережелеріне негізделіп қабылданады. Сондықтан оның басқа нормативтік актілерде кездеспейтін өзіне тән белгілері болады.


Конституция (лат. constitutio – құрылу, өкім) – қоғамдық және мемлекеттік құрылыс негіздерін, мемлекеттік органдар жүйесін, олардың түзілу реттілігі мен қызметін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын мемлекеттің Негізгі заңы. Конституцияның мәні мемлекеттің негізгі заңдылық мүдделеріне, халықтың шын мәніндегі еркіне сай келуімен және құзіреттілігімен айқындалады.


“Конституция” деген сөздің латыннан аудармасы “құрылғы”, “жарғы”, “заң” деген мағыналарды білдіреді. Ежелгі Римде император билігінің кейбір актілері осылай аталған. Ең бірінші конституция дүние жүзінде 1787 жылы қабылданып, осы күнге дейін қолданылып келе жатқан АҚШ-тың Конституциясы болып табылады. Еуропада бірінші конституциялар 1791 жылы Франция мен Польшада қабылданған. Конституцияның басқа құқықтық нормативтік кесімдерден мынадай ерекшеліктері бар екенін айта кету керек:

  • Қоғамдық қатынастардың негізін қалайды;
  • Құқықтың негізгі бастауы болып табылады;
  • Ең жоғарғы заңдылық күші бар;
  • Оның ерекше тәртіппен қабылдануы;
  • Тұрақтылығы.       (Бақұлов С.)

Конституцияны жасауға саясатшылардың, философтардың, әлеуметтанушылардың, құқықтанушылардың, мәдениеттанушылардың, тарихшылардың, экономистердің, өзге де мамандық иелерінің және қарапайым халықтың бірнеше ұрпағы қатысады. Оның жасалу үрдісі кейде ондаған жылдарға созылуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік даналықтың жинақталған нышанының көрінісі ретіндегі Конституцияны қабылдау аса зор жаупкершілікті қажет етеді. Бүкіл қоғамның тағдырын айқындайтын Негізгі заң болғандықтан, Конституцияға өзгеріс енгізу реттілігі де өте қатаң және ондай әрекет жиі қайталана бермейді. Батыстың классикалық демократиялы кейбір елдері жүздеген жылдар бойы конституцияларын өзгертпей, орнықты өмір сүріп келеді.


Қазақстан Республикасы құрылған кезден бастап бірталай құқықтық актілер қабылданып, жаңа мемлекеттің заңды негізін қалай бастады. Оларға жататындар:

  1. Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы.
  2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заңы.
  3. 1993 жылғы және 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциялары.

Аталған конституциялық кесімдер Қазақстанның тәуелсіздігін, дербестігін жариялап, демократиялық, құқықтық мемлекет құрудың негіздерін қалады. (Бақұлов С.)


1993 жылғы Конституцияның қабылдануы және оның мәні. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заң қабылдап, Қазақстанның халықаралық құқықтық субъект ретінде жария етілуі елдің тәуелсіздік мәртебесіне сай заңын – Конституциясын қабылдау қажеттігін туғызды. 1993 жылы 28 қаңтарда тәуелсіз Қазақстан Республикасының Негізгі заңы – Конституциясы қабылданды.

Жаңа Конституция Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтуда, мемлекеттің халыққа қызмет ететін жаңа билік органдарын құруда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын айқындауда және оларды кеңейтуде үлкен рөл атқарды. Бұрынғы Қазақ КСР-інің аумағы тәуелсіз аумақ деп танылды. Ол бөлінбейді және оған ешкім қол сұға алмайды. Қазақстан Республикасының азаматтары ұлтына, тегіне, атқаратын қызметіне, тұратын мекеніне және басқа да әлеуметтік жағдайларына қарамастан, тең құқықтар мен бостандықтарға ие. Конституцияда Қазақстан мемлекетінің құрылысы, биліктің заң шығарушылық, атқарушылық және сот тармақтарына бөліну ұстанымдары айқындалды.

Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы өтпелі кезеңнің негізгі заңы ретінде екі жыл өзінің миссиясын атқарып, ел тарихында қалды. Бұл кезде Жоғарғы Кеңестің өкілеттігі Президент пен Үкімет билігінен күшті болуынан туындаған мемлекетті басқару жүйесі туралы мәселе шиеленісіп тұрды. Ақыры, Президенттің өкілеттігін кеңейту арқылы ел экономикасын реформалауды жеделдету қажеттігін жақтаған бағыт үстемдік алды. Нәтиже елдің Негізгі заңын түбегейлі қайта қарауға алып келді.


1995 жылғы Конституция. 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдум Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдады. Онда мемлекеттік және қоғамдық құрылыстың ұйымдастырылуы және болашаққа бағдар ұстай отырып қызмет ету ұстанымдары белгіленген. Адамның және азаматтың конституциялық мәртебесі, бүкіл халықтың мәртебесі, мемлекеттік билік пен мемлекеттің әлеуметтік базасының қайнар көзі ретіндегі адам мен азаматтың құқықтары, бостандықтары және міндеттері баян етілген.


Қазіргі уақытта негізгі құқықтық құжат – Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 тамызда өткен республикалық референдумда қабылданған Конституциясы. Ол тәуелсіздік кезіндегі Конституциялық заңдарды тұжырымдап, бір арнаға келтірді. (Бақұлов С.)

Халық – конституциялық-құқықтық қатынастар субъектісі. Қазақстан Республикасының Конституциясында халық ұғымы барлық ұлттық топтарды түгел қамтитын, тұтас әлеуметтік-саяси құбылыс ретінде түсіндіріледі. Халық әлеуметтік таптарға, топтарға бөлінбейді, сонысымен қоғамда бейбітшілікті сақтауда маңызды рөл атқара алады. Конституция адамдарды мүліктік жағдайына қарай алаламайды, түрлі әлеуметтік топтардың ешқайсысын жақтап шықпайды, өзін халықтың белгілі бір ғана тобының заң шығарушылық актісі деп танымайды. Конституция мемлекетті әлеуметтік деп, яғни бүкілхалықтық деп таниды. Мұның мәні: мемлекет халықтың бір тобының есесінен оның екінші бір тобына артықшылық бермейді. Мемлекет халықтың барлық топтарына олардың әлеуметтік жағдайына сәйкес қамқорлық жасауға тиіс. Қазақстан Республикасының Конституциясы түрлі әлеуметтік топтардың құқықтарына шек қоймай, тұтас халықты конституциялық-құқықтық қатынастардың субъектісі деп таниды.


Бұрынғы конституциялар социалистік мемлекеттің негізгі заңдары деп Саналса, жаңа Конституция демократиялық мемлекеттің Ата Заңы деп Жарияланды. Бұл мақсат Конституцияның алғы сөзінен-ақ байқалады:


“Біз, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттік құра отырып, өзімізді еркіндік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастыққа лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз”, – делінген. Оның жоғары заңдық күші бар және еліміздегі барлық іс-қимыл мен қалыптасушы жүйелердің нормативті базасы болып табылады. Республиканың бүкіл аумағына тікелей қолданылады. Бейнелей айтсақ, бұл Конституция – мемлекетке қоғамның құқықтық сенімі және халықтың берген төлқұжаты деуге болады. (Бақұлов С.)


Көп ұлтты Қазақстан қоғамының жағдайында “халық” деген ұғымға қазақ ұлтымен қатар барлық ұлттық диаспоралар мен этностар өкілдері де кіреді. Қазақ ұлты мемлекеттің, яғни бүкіл халықтың әлеуметтік базасының ұйытқысы болғанымен, оған айрықша құқықтық, саяси, әлеуметтік, экономикалық немесе мәдени артықшылықтар берілмейді.


Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін артықшылық деп cанауға болмайды. Өйткені, ол қазақ тілінің табиғи құқығы. Егер Қазақстанның байырғы тұрғындары қазақтар бола тұра, ол халықтың тілінің мемлекеттік мәртебесі болмаса, онда ол тілі қолданушылардың құқығы табанға тапталған болып шығар еді.


Қазақстан Республикасының Конституциясын жасаушы халық деп танылуы оның мазмұндық мәнін ашып береді. Сондықтан да Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы: “Біз… Қазақстан халқы… осы Конституцияны қабылдаймыз” деген сөздермен басталады. Қазақстан халқы оны референдумда қабылдады.


Қазақстан халқы Конституцияны қабылдаған бірден-бір субъекті болғандығынан оның құрылтайшылық сипаты туындайды. Халық мемлекеттік биліктің қайнары болуымен де дербестіктің шын мәніндегі кепі лі. Қазақстан халқы мемлекетті осы Конституция арқылы құрды, оның басқару және құрылу нысандарын, әлеуметтік-экономикалық құрылысының негіздерін, адам мен азаматтың мәртебесін анықтады.


Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар республикалық референдум арқылы енгізілуі мүмкін. Былайша айтқанда, халық Конституцияны қабылдап қана қоймайды, ол Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселені де шешеді. Референдум өткізу жөнінде шешімді Президент қабылдайды. Егер Президент Конституцияға өзгертулер мен түзетулер енгізу мәселесін Парламенттің қарауына беру туралы шешім қабылдаса, онда референдум өткізілмейді. 1998 жылы Конституцияға өзгертулер мен түзетулер енгізу осылай жүзеге асты.


Конституцияның құрылымы мен мазмұны. Қазақстан Республикасының Конституциясы тоғыз бөлімнен, 98 баптан тұрады. “Жалпы ережелер деп аталған І бөлімде Қазақстан Республикасының саяси сипаттамасы, қызметінің түбегейлі ұстанымдары көрсетілген; президенттік басқару нысаны, құқықтың қолданылуы айқындалған; идеологиялық және саяси алуандылық, меншікке қатысты қағидалар тұжырымдалған. Қазақстан Республикасы Конституциясында *Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық” деп жарияланған.


Адамның құқықтары, бостандықтары мен міндеттері, азамат және азаматтыққа байланысты ережелер “Адам және азамат” деп аталған ІІ бөлімде жинақталып берілген. Қазақстан Республикасы Конституциясы бойынша заң мен сот алдында жұрттың бәрі бірдей; азаматтардың өмір сүруге, жеке бас бостандығына, еркін қоныс аударуына, саяси бірлесуге, еңбек етуге, меншік иесі болуына, денсаулығын сақтауға, ұждан бостандығына, білім алуға т.б. құқығы бар. Адамды қорлауға болмайды, ары қорғалады. Сонымен қоса, азамат өзіне тиісті конституциялық міндеттерін де абыроймен атқаруға тиісті.


ІІІ бөлімде Президенттің, ІV бөлімде Парламенттің, V бөлімде Үкімет құрамдарының жасақталуы, сайлану және тағайындалуы мерзімдері мен заңдары, өкілеттіктері, атқаратын қызметтері, түрлі саяси ахуалдағы әрекеттерінің бағыттары, өзге органдармен байланыстары, ел экономикасын дамыту бағытында атқаратын жұмыстары, ішкі-сыртқы саясатты айқындап жүргізуі т.б. баяндалған.

VI бөлімде Конституциялық Кеңестің құрылуы мен қызметінің бағыттары, VII бөлімде соттар мен сот төрелігінің жасақталуы, атқаратын қызметінің мазмұны мен реттілігі туралы айтылған. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару ережелері VIII бөлімде тұжырымдалған. Соңғы IX бөлімде қорытынды және өтпелі ережелер берілген.


Конституцияның маңызды ерекшелігі – ол бір жағынан, мемлекеттің, ал екінші жағынан, қоғамның Негізгі заңы болып табылады. Мұның өзі мемлекеттік биліктің қайнар көзі ретіндегі және қоғамның әлеуметтік базасы ретіндегі халықтың мәртебесімен байланысты. Конституция мемлекетті оның барлық элементтерімен: аумағымен, жоғарғы өкімет билігімен, азаматтығымен, дербес заң шығарушылық қызметімен, т.б. қоса баянды етеді. Конституция мемлекеттің, мемлекеттік органдардың қоғаммен, қоғамдық институттармен өзара қарым-қатынастарының негіздерін қалайды. Ол қоғамдық құрылыстың экономикалық, ұйымдық, рухани және жеке тұлғалық негіздерін де анықтайды. Мемлекет қана емес, оның институттары да Конституцияның құқықтық ережелерін, идеяларын пайдаланады. Қоғамның құрамдас бөліктері де (бірлестіктер, ұйымдар) өз қызметтерін Конституцияға негіздеп құруға тиіс. Жекелеген заңдар белгілі бір қоғамдық институттардың – саяси партиялардың, діни, мәдени бірлестіктердің т.б. құрылуы мен қызметтерінің бағыттарын айқындайды. Өздерінің мақсаттары мен әрекеттері арқылы конституциялық құрылысты зорлықпен өзгертуге, республиканың тұтастығын бұзуға бағытталған қоғамдық ұйымдардың құрылуына және әрекет етуіне тыйым салатын Конституцияның норматив- тік ережелері тура және тікелей іске асырылады. Сондықтан құқық қорғау органдары Конституция нормаларының бұзылу жағдайына қатысты шаралар қолданғанда, Конституцияның өзін тікелей басшылыққа алады.

Конституцияның жоғары заңдық күші. Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заңдық күші бар. Мұның мәні – мемлекеттік органдар қабылдайтын заңдар мен нормативтік актілер Конституцияға қайшы келмейтін болуға тиіс дегенді білдіреді. Мемлекеттік органның қандайы болса да – жергілікті органдар да, орталық органдар да, кез келген лауазымды тұлға, барлық азаматтар, олардың бірлестіктері Конституция қағидаларын сақтауы керек.


Конституцияда оның ережелері, нормалары тікелей қолданылады деген нұсқау бар. Мұның мәні – әрбір азамат өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін мемлекеттік органдарға, әсіресе сотқа өтініш білдіргенде, Конституцияны, оның нормаларын пайдалануға құқықты.


Қазақстан Президенттік Республика. Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекеттің басшысы, елдің жоғары лауазымды тұлғасы. Қазақстанның Президенті Конституция бойынша жоғары лауазымды тұлға болғандықтан, Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз етеді, былайша айтқанда, түрлі ұлттар арасында, әлеуметтік топтар арасында ала ауыздық болмауына қамқорлық жасайды. Мемлекеттік биліктің түрлі буындарының арасында қақтығыс болмауын қадағалайды. Президент Парламент қабылдайтын заңдарға қол қояды, егер заңдар Конституцияға сәйкес келмесе, қайта қарау үшін кері қайтарады.


Адамның жеке бас бостандығы мен абыройы

Адамның жеке бас бостандығы және өмір сүру құқығы. Ұждан бостандығы. Ар, намыс, абырой.

Адамның жеке бас бостандығы мен өмірі. Адамның жеке басының қоғамдағы жағдайы – мемлекеттің даму деңгейін білдіретін көрсеткіш. Қазақстан Республикасының Конституциясында және басқа заңдарында азаматтардың бас бостандығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған. Егер өзінің өміріне, денсаулығына, қадіріне нұсқан келетін жадай болса, адам мемлекеттік органдардан қорғаныс іздеуге, заң бойынша көмек сұрауға, президенттің өзіне шағым етуіне құқылы. Мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар азаматтың құқығына заңсыз қол сұғылуына жол бермеу шараларын қарастыруға міндетті.


Адамның ең қарапайым да табиғи құқығы – өмір сүру құқығы болып табылады. ҚР Конституциясы бойынша ешкімнің өз бетінше азаматты өмір сүру құқығынан айыруға, адам өмірін жоюға хақысы жоқ. Бұл тұрғыда ҚР Конституциясы тұжырымдары “Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясында” көрсетілген бағыттарға сәйкес келеді.


Адамның жеке басының бостандығы мен ажырағысыз құқықтарын Конституция қорғайды. “Ешкімді азаптауға, оған зорлық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық абыройын қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды” деп көрсетілген Қазақстан Республикасы Конституциясында.


Заң адамды басқа біреудің күш көрсетуінен қорғап отырады. Әдетте, мұндай әрекет күш жұмсау немесе күш қолдануды ескерту тәсілімен жүзеге асырылуы мүмкін. Өзінің азаматтық міндетін орындау үстінде, қылмыскерді ұстау немесе оны тәртіп қорғау органдарына тапсыру үшін күш жұмсаған адам жауапқа тартылмайды. Лауазымды адам – сот, тергеуші өзінің қызмет бабын пайдаланып, адам бостандығына заңсыз қол сұқса, ол өзінің өкілеттігін заңсыз қолданғаны үшін жауапқа тартылады. Айыптаушыдан күш жұмсау арқылы алынған айғақтың заңды күші болмайды.


Сот және тергеу жұмыстарында куәгердің көрсетуінің маңызы зор. Куәгер тергеу үрдісінде, сотта айғақ болудан бас тарта алады. Мұны әр адам түсінуі тиіс. Егер адам біреудің қоғамдық не мемлекеттік заңды құқығына зиян келтіретін ісіне куә болса, істің шындығын айтып, тергеу органы мен сотқа көмектесу оның азаматтық борышы болып табылады. Сот қызметкерлері мен тергеушілер, шындықты көрсетіп беретін куәгер көпшілікке кеңінен мәлім болып кетсе, қылмыскердің одан кек алу үшін әрекет жасайтынын ұмытпауы керек. Куәгердің өзінің азаматтық борышын өтегені үшін қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.


Ұждан бостандығы. Әр адам өзінің дінге қатысты көзқарасын өз еркімен өзі шешеді. Адамның белгілі бір дінді ұстануына ешкім де, заң да бөгет болмайды. Бұл жерде дінді ұстанудың ерекшеліктері мен салттық реттілігі басқа адамдардың, қоғамның заңды құқығына нұқсан келтірмегені жөн. Заң дінге сенуші адамның құқығы мен бостандығына, жеңілдігі мен артықшылығына тікелей де, жанама да бөгет жасауға жол бермейді. Конституцияда белгілі бір дінге артықшылық жадай жасау қарастырылмаған. Діни көзқарастар негізінде адамдар арасында жауласушылық туғызу адам құқығын бұзу деп есептеледі. Дінге сенушілер қасиеттейтін орындарды, ғимараттарды, заттарды кемсіту немесе қорлау заңды бұзғандық деп саналады


Заң адамның ұжданына кепілдік бере отырып, оны азаматтық міндетін орындаудан босата алмайды. Азаматтың діни қағидаларға сілтеме жасай отырып, заңды түрде орындауға тиісті міндетінен, мысалы, әскери міндеттен де бас тартуға құқығы жоқ.

Ұждан бостандығының негізгі кепілдігі – діни бірлестіктердің мемлекеттен ажыратылуы. Мемлекет, оның органдары, лауазым иелері діни бірлестіктердің қызметіне араласпайды, нендей бір дінге немесе дінге сенбеушілерге артықшылық бермейді. Сонымен бірге Конституция діннің қоғамдағы орнын анықтап береді. ҚР Конституциясы бойынша республикада діни негіздегі партиялар құруға жол берілмеуі түрлі дінге сенушілердің өзара тыныштықта, татулықта болуын қамтамасыз етуге тиіс.


Тек діни идеология ғана емес, қандай бір саяси партияның, кез келген басқа да қоғамдық бірлестіктердің идеологиясы мемлекеттік идеологияның орнына жүре алмайды. Бұл жерде демократиялық ұстанымдардың орнығуына ешқандай шек келмейді, керісінше, Қазақстанның ерекше жағдайында ерекше жағдайында мемлекет өмірін идеологиясыздандыру пікір алуандығы бар демократияның дамуына жағдай туғызады.


Адамның ары мен абыройы. Конституция адамның өнегелі сапасы – оның ары мен абыройын жоғары ұстайды. Барлық халықтарда да ар мен абырой кісінің жоғары бағалайтын құндылықтарының бірі саналады. Қазақ халқының “малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы” деген мақалы да арды аса қастерлеуінің көрінісі болып табылады. Адамгершілікке негізделген қоғамда ар мен намыс заң жүзінде қорғалады. Бізде де сондай, ҚР Конституциясы адамның ары мен абыройына қол сұғуға қол бермейді. Ар мен намысты қастерлеу жағдайы азаматтық және қылмыстық заңдарда да анық айтылған.

скачать dle 12.0
Тағы да оқыңыздар:
26.08.2020
29.08.2020
15.08.2020
12.08.2020
04.06.2019
ПІКІР
02 қантар11:40,
Әлем / Видео
Мысырда бұршақ пен қар жауды   Видео
«    Қараша 2024    »
ДсСССрБсЖмСнЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930