1757 жылы Қаракерей Қабанбай 67- де екен. Сол жылы қазақ - қалмақ Тарбағатай, Алакөл төңірегінде соғысады. Бұл кез ,,Ақтабан шұбырындының,, аяғы қазақтардың ғажап- ғажап жеңістеріне ұштасып, жау қолында қалған қазақ жері түгелдей дерлік жаудан тазарып қалған кез. Қазақтың бетін қайтсек қайтарамыз деп, қалмақтар әрі сасып, әрі жанталасып жатқан шақ. Сол соғыста жиырманың ішіндегі қалмақтың Арқауыл деген жас батыры: " Жекпе- жекке менімен Қабанбай шықсын!" ,- деп ұрандайды. Арқауыл алпамсадай аса ірі жігіт екен. Қарагер атқа мініп ортаға шыға келгенде астындағы аты есек сияқтанып көрініпті.
Қабанбайды жекпе- жекке шақыртып отырған қалмақ басшылары Шахдор мен Убашының бұл жолғы есебі бұрыннан белгілі. Сыналған есеп-ті. Бір ғасыр бұрын, дәлдеп айтқанда, 1653 жылы егде тартып қалған Салқам Жәңгірді де Сесен деген қалмақтың он жеті жасар ұлы өстіп жекпе жекке атап шақырған. Сәскеден ұлы бесінге дейін созылған жекпе жекке Жәңгір шыдас бере алмай, жас қалмақ ақырында оны сайып түсірген. Қалмақтар бұл жолы да сондайдан дәмелі болған, Арқауылдың да мақсаты сайысты ұзаққа созып жеңу.
Сол жолғы соғысты әлі хан сайланбаған Абылай сұлтанның өзі басқарған екен. Қазақтар алпамсадай Арқауылды көріп, қатты сасады. Абылай да, басқалар да қалмақтардың түпкі ойын түсініп тұр. Сонда Абылай қолбасшы өз атынан түсе қалып, шап айылын тартады да:
- Мен шығайын!- дейді. - Қабекеңді қайткенде де жібермеу керек.
- Саған болмайды- деп бәрі оған қарсы болады. Сонда Абылай:
- Ендеше, ағалар, атой салайық!- депті.
Атой салуға, әрине болатын еді. Бірақ оның намысқа тиетін жері бар. ,,Қабанбай қорыққаннан, қазақтар жабылып шапты,, - дейді жау.
- Қабанбайды жібермеу керек- деп, Бөгенбай да мазаланды.
- Ажалына асығып тұр екен, өзім ақ барайын!- дейді Қабанбай еш саспастан мұрты тікірейіп.
- Қабеке, қойыңыз!- деп оған Абылай тағы жалынады.
- Наурызбай шықсын, Наурызбай!"- деген жұрт арасынан сөз шығады. Өйткені ол да Арқауылдай аса ірі денелі еді.
- Қабанбай шық бері! - деп, Арқауыл қазақша айғайлай бастайды.
- Мен шығайын. Ұрыс ұзаққа кетеді. Қабанбайдың шыдауы қиын болады- дейді Наурызбай торы ала атының құйысқанын қысқартып, шап айылы мен төс айылын қайта тартып.
Бірақ Қабанбай ешкімді тыңдамайды. Қой қайыруға кетіп бара жатқандай найзасын көлденең ұстап ортаға беттейді. Екіленіп шаппайды да, текіректеп желмейді де, жайбарақат. Оны көріп, Арқауыл тұра шабады. Менмен батырдың оңтайлап келе жатқан найзасын Қабанбай қылышпен астынан қағып жіберіп қақ бөліп тастайды. Арқауыл қайта барып, тағы бір найза ұстап қайтады. Бірақ бұл жолы ол да қынабынан қылышын суырады. Қазақтың батыр шалы найзасын бақан құрлы көрмегенінен ол да ой түйсе керек. Алайда жас батыр қылышын сермеп те үлгермейді. Қабанбайдың найзасы иығынан тиіп, атынан ауып қалады. Арқауыл атына қайта міне берем дегенде, Қабанбай оны найзамен қайта сайып түсіреді. Енді ол Қабанбайға жаяу ұмтылады. Қабанбай қалқанмен қорғанып қалады. Арқауылды өлтірейін деген адамдай емес, онымен ойнап жүргендей, шегіне- шегіне қалмақ батырын атынан алыстатып әкетеді де, бір сәт Қабекең тақымын қысып қалғанда, астындағы Қубас ат тікесінен тіке секіріп Арқауылдың тап қасына жетіп барады. Көз ілеспес жылдамдықпен Қабанбайдың алмас қылышы жарқ етеді. Арқауылдың басы қақ бөлінеді.
"Қазақтың алпыс батыры," кітабынан.