Сырттан әкелінетін жұмыс күші ретінде тек қана бір миллионнан астам славяндар тартылып, оларға барлық жағдай жасалды. Осы кездегі 700 қазақ мектебі жабылып, ондағы оқушылардың бәрі де жаңадан ашылған аралас мектептерде білім алды.
Ол аз болғандай, атом бомбасын сынау полигонын әдейі қазақ жеріне орналастыру мен жер үстінде жару — қазақ елінің өсуіне салынған өлім тұзағы еді. Осы жау ниетті жағдайлар қазақтардың өз жерінде азшылыққа айналып, санасы жағынан тезірек мәңгүрттенуіне барлық жағдай алдын ала жасалғанын айғақтап тұр.
Осы кезде қазақтардың тіл жағынан таза қазақ, шала қазақ, ада қазақ болып бөліну үдерісі жүріп жатты. «Қазақстан — жүз үлтты планета», «халықтар достығының лабораториясы» деп даңғазаланып жатты. Шынында да, қазақ жері 130 ұлттың екінші Отанына айналды. Осыдан келіп Қазақстан көп ұлтты республика деген ұғымды кеңестік идеология термин есебінде санамызға сіңірді. Шындығында, мәселе осылай ма? Маңайдағы шекаралас елдерге назар салып қарайықшы, қалай екен?
Мысалы, отаршыл Ресей мен Қытайды немесе Өзбекстанды алып қарайық: Ресейдегі барлық жергілікті ұлттардың бәрі де тарихи атамекенінде отыр. Бір кезде олардың бәрін де Ресей жаулап алып, өз жеріне бодан етіп күшпенен зорлап қосты. Кеңестік дәуірде олардың бәрі де одақтас республикалар мен автономиялы республикаларға, ұлттық округтарға айналып, соның негізінде федарациялық құрылымға айналып, көп ұлтты республикаға айналды.
Ол ұлттардың атамекен жері болуы себепті де, олардың бөлініп кетуге конституциялық заңды құқы бар. Қытай Халық республикасы жерінің 60%-ы ұсақ ұлттардың жері болса да, қытайлар өзін көп ұлтты республикамыз демейді. Өзбекстанда өмір сүретін қазақ, тәжік, қарақалпақ, қырғыз халықтары да өз атамекен жерінде отыр. Осы себептен де олар Өзбекстан үшін диаспора деп есептелмесе де, Өзбекстан өзін көп ұлтты республикамыз деуге саналы түрде бармай отыр.
Ал біз не себепті, қандай заңдылыққа негізделіп көп ұлтты республика боламыз? Біз өмір сүріп отырған атамекен жерде қазақ елі толық отарлауға ұшырағанға дейін бірде-бір бөтен халық отырмаған. Осы себепті де Қазақстан тәуелсіздік алысымен әлем халқына унитарлы мемлекет деп танылды.
Біздің жерде өмір сүріп отырған 130 ұлттың бірінің де заңды атамекен жері жоқ. Олар біз үшін диаспора ғана. Кеңестік тоталитарлық идеология біздің санамызға Қазақстан көп ұлтты республика деген стереотиптік кеңестік ұғымды орнықтырды. Көп ұлтты республика болу үшін оларға жерімізді бөліп беруіміз керек болар еді. Бермейтін болсақ, онда біз көп диаспоралы республикамыз. Терминде үлкен саяси мән барлығын ескеру керек".
Мекемтас Мырзахметұлының “Қазақ қалай орыстандырылды” кітабынан