Мемлекет басшысының айтуынша, бұл бағытта бірқатар маңызды міндеттер атқарылған, атап айтқанда, Қазақстан халықаралық ГРЕКО ұйымына мүше болды, қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлыққа қатысы анықталған жағдайда оның басшысының қызметінен босатылуы заңмен бекітілді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін заңнамамен сараптау жұмыстары күшейтілді.
– Өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылған адамдардың саны 11 пайызға артқан, яғни, 820-дан 912-ге өскен. Transparency International ұйымының 2019 жылы өткізген сауалнамасының қорытындысы бойынша азаматтардың 28,7 пайызы мемлекеттік ауруханалар мен емханаларды сыбайлас жемқорлықтың ордасы деп атаған. Бұл басқа мемлекеттік мекемелермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары, мысалы, полиция – 11,3%, жер қатынастары басқармасы – 7%, мемлекеттік балабақшалар – 6,9%. Өз денсаулығына алаңдап ауруханаға барған адамдардың қажетті медициналық көмек алу үшін кімге қанша ақша берем деп уайымдауына жол беруге болмайды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың табысы азайып, экономиканы қолдауға бағытталған қаржыны жымқыру тәуекелі артқан пандемия кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қажеттігін атап өтті.
– Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Әзірге мен мұндай кешенді және түбегейлі жұмысты көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер шеңбер жасап, бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Ал жүйелі проблемалар шешілмеген күйі тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, медицина саласындағы сыбайлас жемқорлықты тексеру және әшкерелеу жұмыстары пандемия шарықтау шегіне жетіп, дәрі жетпей жатқаннан кейін ғана басталған. Цифрландыру жүйесіндегі заң бұзушылықтар ондаған миллиард ақша шығындалғаннан кейін барып қозғалған. Бүгінде білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік нысандарға қыруар қаржы бөлініп жатыр.
– Бір жылдан кейін осы салаларға бөлінген қаржы жымқырылды, ал жауапты министрліктер көштің соңында қалды демейтінімізге нақты сенімді болуымыз керек. Миллиардтаған қаржы қолды болып кеткеннен кейін, халыққа кінәлі адамдардың ұсталғаны туралы әдемі рапорт бергеннің түкке де керегі жоқ. Бұл бағыттағы жұмысты түбірімен қайта құру керек деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Бұған қоса сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің барлық салалары бойынша қатаң қоғамдық бақылау жүргізілуі тиіс.
– Адамдар әлі де жоғары оқу орындарында, колледждерде, тіпті мектептердегі сыбайлас жемқорлықты айтып, шағымданады. Жемқорлық азаматтарымыздың бойына сіңіп, тіпті, қоғамның қалыпты құбылысына айналып кетуі мүмкін. Басты мәселе – осы. Ал кәсіпкерлер жер комитеті, өртке қарсы қызмет, салық және кеден органдарын жемқорлық жайлаған деп есептейді. Жолдың сапасына байланысты да жұртшылық қатты алаңдаулы. Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясы маған су шаруашылығы саласында айтарлықтай түйткілдер бар екенін хабарлады. Міне, осы мәселелер бойынша қоғамдық бақылау тетігі жұмыс жасауға тиіс. Бұл шараға үкіметтік емес ұйымдарды тартқан жөн. Оларды нормативтік-құқықтық актілерді сараптау ісіне қатыстыру керек, – деген тапсырма берді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент кейін Twitter желісіндегі ресми парақшасында жемқорлық бойынша сотталғандарды мерзімінен бұрын босатпау керек екенін жазды.
- Жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі кеңесте сыбайлас жемқорлық бойынша сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға заң жүзінде тыйым салуды тапсырдым, - деп жазды Тоқаев.
#тоқаев #президент #жемқорлар #пара