Бүгін Ақорда резиденциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазымына кіріскен сәттен бергі атқарған жұмысын қорытындылауға арналған брифинг өтті. Жиынға 100-ге жуық республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Биыл Мемлекет басшысының қатысуымен жалпы 463 іс-шара өтті.
Оның ішінде еліміздің аймақтарына 25 рет жұмыс сапарымен барды, 249 қабылдау өткізді. 31 елдің басшыларымен телефон арқылы сөйлесті. Қасым-Жомарт Кемелұлы 12 елге сапармен барды. Мемлекет басшысы 9 халықаралық жиынға қатысты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекетаралық байланыстар мен өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында 100-ге жуық халықаралық кездесу өткізді. Мемлекет басшысы 23 шетелдік елшіден сенім грамоталарын қабылдап, Қазақстанның шет елдердегі 30 елшісін тағайындады. Сонымен қатар Қазақстанның 6 мемлекеттегі дипломатиялық миссиялары Елшілік ретінде қайта құрылды.
Жалпы биылғы 20 наурыздан бері 45 Заңға, 226 Жарлыққа, 68 Өкімге қол қойылды. Президенттің қатысуымен өткен жиындар бойынша 49 хаттама толтырылды.
Қиын жағдайға тап болған отбасыларға /көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жетім балалар және тағы басқа әлеуметтік көмек көрсету мақсатында 500 мыңнан астам азаматтың, 300 мың теңгеге дейінгі несиелік қарызы мен үстеме төлемдері кешірілді. Бұл жалпы алғанда 107 миллиард теңгеге айналды.
Сонымен қатар Сириядағы отандастарымызды қақтығыс алаңынан алып шығу мақсатында қолға алынған "Жусан" операциялары сәтті іске асырылды.