Сондай-ақ, ведомствоның баспасөз қызметіндегілер прокурор Бауыржан Ғаббасовқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растады. Өзге ақпарат ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес әзірге айтылмайтыны хабарланды.
Кексель мен Ғаббасов ҚР ҚК 146-бабының 1-бөлігі бойынша (азаптау) айыпталуда. Бұл туралы Энергетика министрінің экс-орынбасары Анатолий Шкарупаның ісі бойынша сот отырысы барысында белгілі болды.
Энергетика экс-вице-министрімен қатар сотқа тартылған "Energo" компаниясының директоры Ерлан Нәбиевтің адвокаты отырыс барысында Кексель мен Ғаббасовқа қатысты тергеу жұмыстарының басталуына оның қорғауындағы адамның құзыретті органдарға жүгінуі себеп болғанын айтты.
Хамида Айткалиеваның айтуынша, бизнесмен олардың заңсыз әрекеттерін айыптаған.
Олеся Кексель биыл мамырда арнайы прокурорлар қызметінің басшысы қызметінен босатылған еді. Ол бұл қызметті 2018 жылдың қаңтарынан бастап атқарған. Мұның алдында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Тергеу департаменті басшысының орынбасары болған.