Ерлан Қуанышұлы ең өзекті мәселелердің бірі ретінде қаланың шалғай елдімекендерін дамыту қажеттігін басып айтты. Сапалы ауызсу, газбен жабдықтау, электр қуаты, жол, кәріз жүйелерінің ахуалын жүйелі түрде шешуді талап етті.
"Жергілікті билік, қаланың әр тұрғынына, олардың тұрғылықты мекенжайына қарамастан бірдей жағдай жасауы қажет, яғни, өмір сүруге қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, бұл - Елбасымыз және Президентіміздің әкімдерге қойған басты талабы", - деп ашып айтты Айтаханов.
"Аудан әкімдеріне халық мұң-мұқтажын айтып келеді, ал әкімдерде оны шешетін не құзіреті жоқ, не қаражаты жоқ. Халық аудан әкіміне Президенттің өкілі деп сеніп, үміт артып келеді. Олар қарапайым мәселені шеше алмаса, халықтың билікке деген сенімі жоғалады", - деп мәлімдеді әкім.
Осыған орай қаладағы негізгі жобаларды аудан әкімдерімен алдын ала келісуді тапсырды. Бюджет шығындарын ішкі резервтерді пайдалана отырып, тез арада оңтайландыруды тапсырды. Әлеуметтік көмек көрсету мәселесі де назардан тыс қалмады.